Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

МАРХАБАТНАМА...

 

ТӘЛІМГЕР АҒА

Кешкі сағат тоғызға жақындағанда Мархабат аға телофон соқты:
– Әбілда, ертең ауылға бармақшы едік, бізбен бірге жүресің бе? – деді.
Биыл 60 жасқа толатын жазушының мерейтойына байланысты екенін бірден сезген мен қуанып кеттім. Арғы жағынан:
– Түлкібас ауданының әкімі Дархан Қамзабекұлы шақырып еді. Бірер ауылда кездесу болатын көрінеді. Қолың тимесе, қинамаймын, – деді.
Мұндайда қолдың тимегеніне қараймыз ба? Тіршілігің таусылмаған соң, тірлігің де таусылмас.
– Ертең боспын, аға, – дедім.
– Онда таңертең сағат тоғыз жарымда біздің кеңсеге кел.
Түнімен әрнені ойлап, кездесуде Мархабат Байғұт туралы нені айтсам екен деп жаттым. Түннің бір уағы болса да ұйқым қашты. Жазушының кітаптарын алдым. Бұрын оқысам да қайталап қарап шықпақшы болдым. Бір түнде барлығына қайдан үлгересің. Дегенмен бұрынғы оқыған кітаптарымды ары-бері қайта парақтап, кейбір тұстарын есіме түсірдім. Бұл өзімше дайындалғаным.
Таңертең бұрынғы әдетім бойынша ұйықтаңқырап қалыппын. Орнымнан тұрсам, сағат таңғы тоғыз болыпты. Қап! Жуынып, шайынам дегенше, жарты сағат өтіп кететін болды-ау деп, күйіп-пісіп жүріп, мені оятпаған әйеліме ренжіп, беті-қолымды жуынған болып жатырмын. Қас қылғанда екі-үш түйір сақалым да алынбапты. Оны да ұстарамен қырғыштап әлекке түстім. Қойшы әйтеуір, не керек сағат 10-ға таман өліп-өшіп зорға жеттім. Мен барсам, ақын Сәрсенбек Сахабат келіп қалыпты. Махаңның алдында сенен бұрын келдім дегендей шалқайып отыр. Құрдасым ғой, маған өзінше қыр көрсеткені бұл.
Ұялған тек тұрмайды деп Махаңа ақталып жатырмын.
– Сенің сылтауың таусылмайды. Жарайды, Амантұр ағамызды күтейік, – деді.
Уһ! Менен басқа да кешігетіндер бар екен-ау, Махаңның ренішінен Алла мені осылай құтқарайын деген шығар деп қуанып қалдым.
Бір кезде телефон шырылдады. Тұтқаны көтерген Махаң Амантұр ағамызға:
– Сол жерде тырп етпей тұра беріңіз, біз қазір барамыз, – деді де асығыс орнынан көтеріле берді.
Үшеуміз Махаңның мәшинесімен жазушы Амантұр Мұсаев тұрған жерге келіп, оны да қатарымызға алып, Түлкібас ауданына тарттық.
Жол-жөнекей үшеуміз оңайлықпен сөйлемейтін, бір сөйлесе тоқтай қоймайтын Амантұр ағаның әңгімесіне алданып, Састөбенің бұрылысына келіп тоқтадық. Осы жерде бізді аудан әкімі Дархан Мыңбай қарсы алып, әрі қарай алып жүрді. Бізге аудандық газеттің редакторы Рүстем Өмірзақов бастаған журналистер қосылды.
Біздің келе жатқан жеріміз Мақталы аталатын ауылдың жанындағы Керейт екен. Керейтте менің бұрын да болғаным бар. Жетпісінші жылдары Керейт пен Мақталының өнерпаздар ұжымы «халық театры» атағын алған. Бұл елдің қыз-жігіттері шетінен өнерпаз, әнші, күйші болып келеді. Баяғы халық театрының режиcсері Әбдіқайым ағамыз да осында екен. Елдің басшылары мен ақсақалдары, ауыл кейуаналары қарсы алған біздер қалың елдің арасына сүңгідік те кеттік. Алдымен сахнаға жазушы Мархабат Байғұт пен аудан әкімі шақырылды. Іле-шала сахнаға шыққан әжелер тобы жазушыны сағынып-ақ қалған екен, халық әнінің мақамымен Махаңа сәлем беріп, барлығы қосылып алып құйқылжытты-ай келіп. Кимешектеріне оранған әжелер тобы:

Ауылым Арыс бойында,
Қуаныш бар ойымда.
Өлең айтып кетейік,
Мархабаттың тойында, – деп, сахнада тербетіліп тұрып алғанда, бүкіл көрермендер бірге тербеліп, ауылдың ыстық құшағын аңсаған біздердің жанарымыз суланды.
Сахнада тұрған Күлпан «әжей» Махаңды «бауырым, ағам» деп сөйлегенде, «ойпырмай мына кемпір Махаңды аға дегені несі?!» деп тіксініп қалғанмын. Сөйтсем, ол әже рөлінде ойнаған жап-жас келіншек екен. Сәусіл-деген кимешегі құрғыр мені талтұсте адастырып жібере жаздады.Өз ойымнан қысылып, жан-жағыма қараймын, не нәрсе болса да былқ етпейтін Сәрсенбек баяғы күйі, өзгермепті. Амантұр ағам болса бір қолымен құлағын тұріп, келіншектің сөзіне ұйып қалыпты.
Мұның артынан ауыл әкімі Саттар деген замандасымыз шығып, Махаңның иығына шапан жапты. Жазушының қолын қысып қойып, микрофонды ұстаған бойы әндете жөнелді. Ауыл әкімінен кейін бес-алтыдағы қыз бала әлдеқалай бір музыканың әуенімен үйіріліп билеп ала жөнелді. Не керек, жазушы тойында бар өнерін ортаға салған ауылды Мархабаттың ауылы дегенге әбден жарасып-ақ тұр.
Сахнаға шығып сөйлеген ауылдың кәрі-жасы бірдей Махаң шығармаларынан үзінділер келтіргенде, Махаңның соншалықты биіктеп кеткеніне көзім жетті. Әдетте күнде көріп жүрген көкемнің тым терең де, құпиясы мол, тылсымы да оңайлықпен шешіле қоймайтын жазушы екенін ұқтым. Мархабат Байғұт – шынында да қазақтың мәңгілік жасайтын, өлмейтін рухына айналыпты. Біздің ақынбыз, жазушымыз деп көкиіп жүргеніміз далада қалды. Елдің, ел болғанда Түлкібас ауданының бір шетін-де, қаладан алыс түкпірдегі елдің Мархабат туралы тамаша білетініне, әзиз тұтып, әлдилей жақсы көретініне таң қалдық. Имандылық, тазалық, пәктік, мөлдірлік, адамгершілік, тіпті әулиеліктің шынайысы бір бойынан табылатын Мархабат аға Байғұтқа халықтың етене бауырласып, дәл өздерінің тұңғыш ұлдарын көргендей мәпелеп жатуы аса жарасымды еді.Таза шығармашылықтың құдіреті осындай болса керек.
Шай үстінде ылғи көптің көңілін табуға тырысатын, көпшіл және сезімтал да ұғымтал, зерек, үлкен ақыл иесі Дархан Мыңбай бір әңгіме айтты: Баяғыда Дағыстан халқының көсемі Имам Шәмілдің кезінде елде ақын көбейіп кетіпті байқап отырса, анау да ақын, мынау да ақын, тіпті ақындардың көптігінен болғандай екен. Бір күні Шәміл жарлық шығарыпты.Ол жарлығын-да кім де кім ақын болса, ертеңнен бастап терең зынданға тасталады делініпті. Осы жарлықтан кейін-ақ қаптап жүрген 300 ақыннан үш-ақ ақын қалыпты. Ақыры жарлықты орындаушылар үш ақынды әкеліп зынданға тастапты. Шәміл оларға өлең жазғандарыңды қоймасаңдар, тамақ та берілмейді депті. Сонымен не керек, үш ақынның екеуі өлең жазуды сапа тыйып, біреуі-ақ қалыпты. Ал ақынды зынданнан шығарған Шәміл елді жинап: «Міне, нағыз ақын – осы!» депті. Ақырында ақынға мол сыйлық беріп үйіне қайтарған. Міне біздің жазушылар бөлімшесі де аумалы – төкпелі алғашқы кезеңде сол зынданға түскен ақындардың күйін кешті. Бірақ әуелі құдай, одан соң Мархабат Байғұттың арқасында Жазушылар бөлімшесі сақталып қалды. Махаңның қандай жазушы – азамат екенін біз сонда бағамдадық.Зынданда жалғыз шынайы ақын секілді жан-жағынан титтей көмек болмай, далада қалған жазушылар одағының облыстық бөлімшесі қәзір, Аллаға шүкір, өз жұмысын жалғастырып жатыр. Кейін Махаңның орнында мен қалдым. Мен де өнердің, жазушылықтың киесіне, аш қалсақ та сол киенің, бәрібір, тығырықтан алып шығатынына сенетінмін. Өнер деген киенің бір қонған жері – Түлкібасы болса, шынайы болмысы ерен көркемсөз шебері Мархабат Байғұт екен-ау.



* * *

Біздің екінші баратын жеріміз – Кемербастау болды. Кемербастау Түлкібас өңірінің кереметтер тоқайласқан, жердегі жұмақтың нағыз өзі. Бұл жақтың суы да, ауасы да, жемісі де, шөбі де, топырағы да тап-таза. Бұл жердің адамдары да табиғаты секілді балаша сенгіш, аңқаулау. Бірақ шетінен оқығандау, заңқойлау болып келетіні және бар. Бұл ауыл Тұрар Рысқұловтың бабалары мекендеген, Бауыржан Момышұлы мен бүгінгі Шерхан Мұртаза секілді марқасқалардың ауылы. Санамалай берсек, бұл ауылдан нешеме маңдайы кере қарыс қасқалар шыққан. Бірінен кейін бірі шығып сөйлеген ел адамдары мен жастар оқушылар Махаң шығармасынан үзінділер оқып, ауыл өнерпаздары өздерінің өнерін сыйлайды. Жазушы ел алдында есеп берді. Көпшілікке қарап сөйлеген Дархан Мыңбай Мархабат ағамыздың бойындағы қазақылыққа, ауыл тіршілігінің қыр-сырын тамаша меңгергендігіне көңіл бөлді. Сәрсенбек жазушыға арнаған өлеңдерін сызылтып оқыды. Қайда жүрсе де ауылды жырлап келе жатқан жазушының халқымыздың бойындағы тамаша қасиеттерді сол күйі мөлдіретіп суреттейтіні соншалық, оның шығармасын оқып отырған адамның өзі де жазушы суреттеген ауылдың ішінде жүргендей болатыны анық. Бұл – таза шындық. Бекзаттықты да, дег-дарлықтықты да ауылдан іздеген жазушы оның шын мәнісінде ауылдан шығатынын тамсана жазып келеді. Тіпті біз секілді кейде бірнемені бүлдіріп алатын інілеріне де қатал айтып тастайтын. Қалай болғанда, салт- дәстүрімізді, тілімізді, ділімізді сақтауды, келешекке таза апаруды көксейтін жазушы барлық шығармасында осыны әдіптейді.
Біздің журналдың техникалық редакторы Ибраһим Әлімов деген жігіт болатын.Ол өзі баспахана ісін тамаша меңгерген, білмейтін пәлесі жоқ, іскер. Бір күні Махаңның екінші қабаттағы кең бөлмесінде түстік ас ішіп отырдық.
Қутыңдаған Ибраһим шай құйып, кеселерді ұзатып отырған. Әлден уақытта Махаңның Ибраһимге кейіген дауысы шықты. Бәріміз де жалт қарадық. Ибраһим қып-қызыл болып кетіпті. Әбден қызартып алған соң барып, Махаң жайымен түсіндіріп жатты:
Ибраһим, нан – ас атаулының атасы. Қилы-қилы заман болғанда бір үзім нанға зар болған ата-бабаларымыз бізге нанды бір қолымен қалай болса солай үзіп жеуді үйретпеген. Нанды қәдірлеу керек. Жейсің бе, екі қолыңмен алып, сындырып же. Бұдан былай нанды рәсуалап, бір қолыңмен үзгенді қой. Бұл – кесепаттық! – деді.
Ол жазушыдан кешірім сұрады. Ал Махаң болса:
– Менен емес, наннан кешірім сұра! – деді.
Ибраһим өзі жұлмалап жеп отырған нанын алып, маңдайына қойып тәу етіп жатты.
Мархабат Байғұт барлығымыздыңда тамаша ұстазымыз болды. Ол кісі ортамызда отырғанда басы артық бірдемені шығарып қоймауға тырысып, тым әдепті бола қалатынбыз. Ақыры біздер әдептілікті де үйрендік. Сөйтсек, Мархабат Байғұт әдептілікті айналасындағы бізге ғана емес, бүкіл оқырмандарына, еліне үйретіп жүріпті. Жазушы – халықтың ұстазы деген осы. Мархабат Байғұт елдің ұстазына айналған қаламгер екеніне Кемербастауда қайтара көз жеткердім.
Аудан әкімі бастаған Кемербастау елі бізді шығарып салды. Төртеуміз мәшинеге жайғасып, әркім өз ойымен әлек келе жаттық. Дархан Мыңбайдың әзіл-әңгімелері, елдің жазушыларға деген құрметі ойымыздан кетпей қойды. Анда-санда Амантұр ағамыз Дарханның әңгімелерін тамсана қайталап, бізге ұғындырып, өзі де қайрап қалып келе жатты.Ал, қасымдағы Сәрсенбек бас шайқағаннан әріге бармады.
Мархабат Байғұтқа арнаған бір өлеңімнің соңғы шумағын есіме алдым:

Өртеніп айналғанша жүрек күлге,
Деп едім сәуле шашсам түнек түнге.
Бұл күнде баяны жоқ, азабы мол,
Ақын болам деп, сірә, тілеппін бе?!

Түлкібаста болған осы кездесуден кейін мен ақын болғанымды соншалықты мақтаныш етіп, кеудеме өзгеше оттың жалыны алаулап түрленіп, түлеп қайттым.


Әбілда АЙМАҚ,
Ақын, Физули атындағы
халықаралық сыйлықтың лауреаты

«Шамшырақ», №42-43, 2005 жылғы, 27-мамыр

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу