Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

ОСЫ ЖҰРТ ОҢТҮСТІКТІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?...


Қазақ елінің, қазақ жерінің қарыс-сүйеміне дейін қасиетті де сүйікті болмағының себебі белгілі. Асыл текті ата-бабаларымыз ай¬тып кеткен. Қазақ баласына қазақ жерінің қай тұсы, қандай аймағы, нендей өңірі де етене, қымбат, киелі. Ұлтымыздың жыр сырбаз¬дары¬ның бірегейі Сырбай ақын бір сұхбатында өзінің онша шетелшіл еместігін, шет мемлекеттерге шық¬пағанын, шыққысы да келмей¬тінін, мүмкіндік туып жатса, қо¬лайы түсіп жатса, қайран Қазақ¬станды асықпай араламаққа, та¬би¬ғаты таңғажайып, түрлі-түрлі тұста¬рын тамашалап таңдан¬баққа құш¬тарлығы молдығын меңзеген еді. Сол Сырбай Мәуленов ағамыз Шымкент¬ке, Түркістанға, Отырарға, Со¬заққа, Кентауға, Шардараға, Сарыағашқа, Келеске келіңкірейтін. “Оңтүстіктің тарихи-мәдени орын¬дарын бір кісідей білетін сияқ¬тымын, ал табиғи тамашаларына, таулары мен бауларына, даласы мен құмына, шөлі мен шөлейтіне онша қанық емеспін”, дейтін.
Әдетте зиялы-зиятты қауым болсын, басқалар болсын, туған еліңіз, туған жеріңіз, өскен өлкеңіз, республикаңыз, атамекеніңіз ха¬қында өзара әңгімелей келе: “Біз шынында да өзіміздің тауларымыз бен даламызды біле бермейміз-ау. Қит етсе, шекара асып, алыс-жақын шетелдерге шапқылап кете барамыз. Ал Қазақстанда көрмеген, қадіріне жетпеген жерлеріміз жетіп-артылады ғой...” дейтіні бар. Өкінішке қарай, көбісі осылай айтады-дағы, артынша ұмытып кетеді. Сіз-дағы сөйтіп сөйлеп, со¬лай айтып, алайда, атамекеніңіздің айшықты аймақтарын, өзгешелеу өңірлерін көрмекке, саяхат жа¬са¬маққа соншалықты мән бере қой¬майсыз. Әуелден белгілі әуенге са¬лың¬қырап: “Осы жұрт Оңтүс¬тікті біле ме екен?” деп отыруы¬мыздың мәнісі де осыдан.
Сонау Созақтан басталық. Былайғы жұрт Созақты басқаша елестетер. Бірақ Бетпақдаланың өзі саяхаттаймын деген кісіге та¬рихи жағымен қатар табиғи то¬сындықтарымен талай қызықтарға толы. Мұнда дала да, құм да, сек¬сеуіл мен жыңғыл да, кенет алды¬ңыздан шыға келетін қайнарлар мен құдықтар да басқаша. Шу бойының өзі неге тұрады?! Баба Түкті Шаш¬ты Әзізге, Қарабура, Балықшы, Ақбикеш, Ақсүмбелерге бара жа¬тып, Бабатаға келе жатып, Ащы¬көл атырабын, Тоғызкентау жал¬дарын, Қыземшекті, Тастыны, Жуан¬төбе, Жартытөбені, Қызыл¬көл мен Жылы¬бұлақты ұмытпа¬ғай¬сыз. Қарағұр, Күлтөбелерді көре жүріп, Көкбұлақ, Қарабұлақ, Қа¬расай, Желсайлардан желе-жортып өтіп кетпеңіз. Келіншектау, Мың¬жылқыны білесіз. Айыртауға аял¬даңыз, Суындық дейтін асу бар. Өгізтау арқылы Түркістанға тү¬сер¬сіз. Түркістан төңірегіндегі Қарашық, Қарнақ, Шорнақ, Оран¬ғай, Жүйнектерді, Шаға, Шойтөбе, Иқансу жақтарын тастап кет¬пеңіз. Қаратау тәжі – Кентаудың айналасындағы сауыс-сауыс сеңгір¬лердің саяларына сая¬хаттаңыз, Хантағы, Байылдырды байыптаңыз.
Сыр-анаңыздың бойындағы ен тоғайлардың, тораңғылды түбек¬тердің, жиделі жиектердің, майда талды, майқайыңды маңайлардың, майбалықты, маймаң қаққан қаз-үйректі көл-көлшіктердің көркі мен құнарын қалай-қалай қиярсыз. Түр¬кістаннан төмен тартып, Отырар, Арыс, Шардара, Жетісай жаққа са¬пар шегерсіз. Сырды бойлап, оқта-текте құмға шығып кетсеңіз де еркіңіз. Мырзашөлдің Мақтааралы мерейіңізді тасытар. Қайтарда, әри¬не, екі Келеске келер¬сіз. Қалауы¬ңыз¬ға қарай Сарыағаш¬тың ыстық, жылы, салқын сула¬ры¬на түсерсіз. Сонсоң Қазығұртқа қарарсыз. Ал енді Қазығұртыңыз және оның ай¬нала төңірегі тұнып тұр¬ған тыл¬сым. Алаш баласы “Қа¬зығұрттың ба¬сында кеме қалған; Ол әулие болмаса, неге қалған” — деген жыр жол¬дарын жақсы білгенмен, бұл ай¬мақтың тарихына және таби¬ға¬тына терең бойлап, қадір-қасиетін толық ұғына қоймаған сияқты. Сырттай қызықтаған болады, ары-бері өткенде көз қиығын тастаған болады. Түрін де, сырын да жасырып жатқан қарапайым, қайран Қазы¬ғұртты сонымен білгенге санайды, танығанға балайды.
“Әуесқой Әуесбай” дейтін журналист жігітке айтқызсаңыз, Қазығұрт жайында жеңіл ғана әндетіп жүре берудің уақыты өтті. Қазығұртты ерекше қорғалатын аймаққа айналдырып, қолға алатын кез жетті. Қазығұрт пен Қаржан¬тауыңыздың арасындай кереметіңіз кемде-кем. Өгеміңіз өзгеше. Таби¬ға¬тыңыздың таңырқатар ғажайып¬тарын көрем десеңіз, келіңіз. Көріңіз. Қазығұрттың Ақбурасының өзі – өзінше бөлек әлем. Ғайып Ерен-Қырық Шілтен тас мүсіндері ше? Ататас пен Анатас, Шілдетас, Емдіктас, Түсіктас, Бесіктас, Пай¬ғам¬бар дастарқаны...
Өгем жағына қарата Қырыққыз, Күйеутас және олардың төңіре¬гін¬дегі бастау бұлақтар. Жалпы Өгем¬нің өзгешеліктері өте көп қой, қай¬сы бірін айтарсыз. Оларды тек қана арнайы, асықпай араламақ ләзім. Мақпал көлінің көркін, сұлулығын былай қойғанда, жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың туындыларына ар¬қау болған аңыздары аз емес. То¬тиян, Барша көлдері һәм Мақ¬палдан қалыспас. Әуесқой Әуесбай атанған Әбдіразақов Мақпалды әлемдегі ең әсем көлдермен, Іле Алатауындағы жауһарлармен салыстыра тамсана¬ды. “Республикаңыздың басқа жақ¬тары түгілі, осы Оңтүстіктің өз тұрғындары Өгемді біле бермейді” — дейді ініміз. Айтса, айтқандай-ақ. Мақпал көлінің тереңдігі 80-100 метрге жете тұра, Түркі қағана¬тына қараған Байкал көлі тәріздес түбі көрініп жатады.
Тәңіртауыңыздың шығыс та¬ман¬ғы тұстарындағы баршаға бел¬гілі Сұлутөрден, Сусамырдан, Қар¬қара¬дан, Майтөбеден, тағысын-тағылар¬дан хабардарсыз. Ал Өгем өңіріндегі Сусіңген жайлауын білесіз бе? Оның да тылсымдары, сансыз бұ¬лақтар сі¬ңіп кетіп, қайта шы¬ғатын тұстары аз емес. Тіпті Шым¬кентіңіздегі Қошқарата өзені сонау Сусіңгеннен бастау алады дейтіндей де болжам бар. Сайрам тауларына қарата ба¬ғыт алсаңыз, Біркөлік, Дарбаза, Қас¬қасу, Сайрам шыңы, Сайрамсу, Бал¬дыберек, одан ары қарата атақты Ақсу-Жаба¬ғы¬лы қорығы шақырар. Асу-асу белдер мен белестер, балғын шалғындар, гүл¬жазира жазықтар, асау бұлақ¬тар. Қырмызы қыраттар. Ақсу өзе¬нінің бойы, ойы мен қыры, бас¬тапқы тұстарындағы шатқал¬дар, аршалы таулар мен құйқалы жо¬талар. Қай¬нарлар мен көлдер. Мәң¬гілік қар жа¬татын шың-құз¬дар¬дың баурайлары. Биіктен аңтарыла қарап тұрар арқарлар мен таңырқай бас шай¬қайтын таутекелер, қор¬баң¬дап көрі¬нер қоңыр аюлар. Тастан тас¬қа секіріп кекілік сайрар. Қақ төбеңізде қыран қалықтар. Төмені¬рек жақ¬тағы Машат аңғарлары, бағзыдағы марал кешкен машат-бұ¬лақтар, Ұзынмашат, Келтемашат, Дәубаба, қайтадан Қаратауға қарай – Қа¬ра¬үңгір, Қайыршақты, Қанай, Қос¬тұра, Таупістелі, Боралдай, Ақтас, Шыбықбел... Одан түстікке таман Бөген атырабы, барша қаза¬ғыңызға бөлекше қымбат Ордабасы биігі.
Оңтүстіктің туризмге сұранып тұрғанын айтатындар аз емес. Рас, нақтылы іс, тындырымды тірлік, жүйелі шаруа жетіспей тұрыпты. Біраз-біраз талпыныстар да жаса¬лу¬да. Алайда, атамекенімді аралай¬мын, кең-байтақ республикамды танып-білемін, талбесік-табиғаты¬ның қадірін жан-жүрегіммен ұғы¬нып, қасиетін қаныма сіңіремін дей¬тін, елсүйер, жерсүйер кім-кімге де жол ашық, мүмкіндік бар, аса өр¬ке¬ниетті болмаса-дағы, көркем¬ниет¬ті жағдай табылады деген ойдамыз.
Тоғызыншы жылдың алғашқы күнінде Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты таңғажайып тұстарынан фотосуреттер бетін ұсынып отырмыз.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу