Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

САЙРАМ-ӨГЕМ ДЕГЕНДЕ, САЙРАМ-ӨГЕМ...

      
Өгемге өрлеп келеміз.
       Сайрамның сайдауыл шыңдары сол жақта, қазық жұрттың қазанатындай Қазығұрт тауы оң қапталда қалып барады.
       Өгемге өрлеу оңай емес. Айналма жол арғы бетте. Біз Бадамсуды басынан кешіп, анау-мынау мәшине маңайлай алмас асу-асу белдермен көтерілдік. Жапондар жасайтын жылмағай жүйріктің самдағай жүргізушісі Тасболат батыр меңгерікті (руль) меңгерген-ақ екен. Су терге түскенімен, саспайды-ай.
       Сіздің тілшіңіз темір көліктің есік ендігіндегі, төбе тұсындағы тұтқалардан тастай қатып, қос қолдай қысып ұстап, әрең амалдайды. Ал, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Жеңісбек Тұрғанов теп-тегіс асфальтпен келе жатқандай-ақ. Жайбарақат отыр. Қиналмайды, қыңбайды. Ыңылдап қояды тіпті.
     Теңіз деңгейінен екі мың метрге жуық биіктікке көтеріліп, көліктен түстік.
       Өгем өңірі көгілдір-жасыл мұнарға оранып, көз алдыңда көлбеп көрінер. Ана-а-ау арғы беттегі биікте ешқашан ерімейтін үш жолақ қар — Үшқар жатыр. Жолбарыстың жонындағы жолақтар секілді. Бірақ, ақ жолақтар. Батыста бағзыдағы аңыздарға арқау болған Бақшелпек. Шығыстағы шыңылтыр шыңдар Сайрамның ұлы құзарларына ұласар. Тү-ү-у төменде Өгемсудың ирелеңдеген аққайнар арнасы ағараңдайды.
     Өрелі, өрісті Өгемге де, сайлары сулы, шатқалдары нулы, сұлу Сайрамға да, сұқтанушылар әзелден бермен қарата аз болмаған. «Сайрам-Өгем дегенде, Сайрам-Өгем; Қайғы-уайым шектің бе, қайран Өгем?! Садақ қадап Сайрамға шапса жауың; Қашанғыдай құйылар қайдан өлең...»  деген әуелгі кезеңдердегі әннің сөзі талайлы тағдырдан тауарих танытар.
     Сайрам-Өгем мемелекеттік ұлттық табиғи паркі құрылғанда қатты қуанғандардың бірі біз  едік. Бас директордың байыптауларын тыңдап, темір көлікке қайта қондық. Ұлттық парк дегендеріңіз дүние жүзінің көп елдерінде баяғыдан бар. Америка Құрама Штаттарында алғашқы ұлттық парктер осыдан жүз отыз жыл бұрын құрылған. Бүгінде бүкіл жер шарында олардың саны екі мыңға жетеқабыл. Ал жер көлемі соншама үлкен Қазақстанда оннан аспай тұрыпты. Отызға жетсе шіркін-ай, дейсің ойтолғаққа беріліп.  
     Дүние жүзіндегі ұлттық табиғи парктің бірқатары белгілі бір мемлекеттердің ұлттық байлығы болып қана қоймай, жалпы адамзаттық жауһарлар, бүкіләлемдік маңызды мұралар тізіміне енгізіліп отыр.
   Шынын айту абзал шығар. Қазақ жеріндегі ұлттық табиғи парктер өркениетті елдердегі ұлттық табиғи парктердің деңгей-дәрежелеріне жету үшін әлі көп-көп әрекеттер керек. Түбегейлі түрде көзқарас өзгермегі ләзім. Өкінішке қарай, әзірше олай емес. Табиғат-Анаға деген қарым-қатынасыңыз тап осылай жалғаса берсе, түптің-түбінде өзек өртер өкінішке ұрынарыңыз хақ.
     Әне, бір бүйірден аңыздағы Қырыққыз қылаңытты. Сәл төменірек сайдың беткейінен Күйеутас көрінді. Өгем өңіріндегі кеңшарлар мен ұжымшарлардың малдары кеткелі сай-салалар мен таулы-тасты беткейлердегі бар-барша өсімдік, әсіресе, сиреп кеткен арша қалыңдай түсіпті. Кілдірей көгеретеін кішкентай арша көшетттерін кеміре суырып, тұяқпен қиятын малдың азайғаны бір есептен табиғаттың есесін толтырып жатқандай.
     Сайрам-Өгем мемелекеттік ұлттық табиғаи паркі 2006 жылы құрылды. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заң да тап сол жылы қабылданған еді. Парк аумағы негізінен төрт аймаққа бөлінеді: 37,3 пайызы немесе 55589,4 гектары қорықтық, 13,2 пайызы немесе 19711 гектары туристік-рекреациялық қызмет, 8,8 пайызы немесе 13124,6 гектары экологиялық тұрақтылық, ал 40,7 пайызы немесе 60628 гектары шектеулі шаруашылық жүргізу аймағы. Парктің жалпы жер көлемі 149053 гектар. Осының ішінде Өгем филиалына  76573 гектары, Төле би филиалына 45509 гектары, Түлкібас филиалына 2697 гектары қарайды.
       Жоғарыда айтқанымыздай, Жеңісбек Тұрғанов басқаратын бұл парктің 110 қызметкері болса, оның 100-і мемлекеттік инспекторлар. Жеңісбек мырза елу сегіз жасқа енді іліккен кәнігі орманшы-маман. Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының орман факультетін бітіре сала осы саладағы қызметке қызу кірісіп кеткен. Оның ішінде отыз бір жылдан бері басшылықта. Ондаған жылдар бойы облыстық орман шаруашылығы басқармасын басқарды. Бірер үзілістерден соң осы Сайрам-Өгем тағдыры сеніп тапсырылған. Қазақ жерінің, атамекеннің тамылжыған табиғатын төлтума қалпында сақтамаққа, орман шаруашылығын көркейтпекке қажырлы үлес қосып келе жатқан Тұрғанов «Оңтүстік Қазақстанның таулы өңірлерінде грек жаңғағын өсіру ерекшеліктері» тақырыбында диссертация қорғаған. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Отырар ауданының құрметті азаматы. ОҚО мәслихатының депутаты.
— Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркін құрудағы басты мақсат – Батыс Тянь-Шаньның, яғни Тәңіртаудың  Қазақстан бөлігіндегі таңғажайып табиғатын сақтап, қорғау және адам игілігіне ізгілікті ниетпен пайдалана білмекті жүзеге асыру. Табиғи және тарихи-мәдени кешендер мен нысандарды ғылыми негізде зерттеп-зерделеу, қалпына келтіру. Табиғи ресурстарлың тұрақтылығы мен тепе-теңдік күйін және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету. – Жеңісбек Тұрғанов мырза осылай айтады.
       Десе, дегендей-ақ. Ұлттық парктің 19 пайызы немесе барлық жер көлемінің 27553 гектары — орманды атыраптар. Жазиралы, далалы алқаптардан бастап биік-биік альпі көкмайсаларына дейін кездесер. Аршаның алуан-алуандары 500-600, тіпті 4000 жылға дейін жасайды. Өгемсу мен Сайрамсудың бастапқы тұстарында ешбір жақтың қайыңдарына ұқсамас, қайыспас-қайсар қазақы қайың өседі. Жабайы алма мен жабайы жүзімнің таңғаларлық түрлері, өрік пен алша, сары долана, қызыл долана, жаңғақ, жиде, алмұрт сияқты жеміс ағаштары, шырғанақ, итмұрын, таупісте, қарақат, таушие сияқты емдік қасиеті көп жидекті, бұталы және шөптесін өсімдіктер қаншама! Сондай-ақ тал-теректің нешеме түрлері, шетен, ұшқат, тобылғы, тағысын-тағылар... Қайран-ай! Кезінде шетелдік зерттеуші ғалымдардың аттарымен аталып кеткен Қазақ қызғалдақтарын айтсаңызшы! Олар ғылымда Грейг, Кауфман қызғалдақтары делінеді. Қызыл кітапқа кірген.  Парктің аумағында өсімдік дүниесінің 1635 түрі, шөп жейтін сүтқоректілердің 59, құстың 300 түрі бар. Жануарлар немесе хайуанаттар әлеміне келсек, қоңыр аю, қасқыр мен түлкі, қабан, тауешкі, арқар, елік, борсық, қабылан мен тағылан (жайра) жиі-жиі көрінер. Жақында Сайрам-Өгем ұлттық паркі туралы деректі фильм түсіру қолға алынғантұғын. Осы Өгем орман айналымына келген соң түсіруші топ Мақпал көліне сапар шеккен. Диірменбастау шатқалында парк басқармасының бөлім бастығы Талғат Кенбай бастаған топ дәрілік өсімдіктерді түсіріп жүріп, борсықты кездестірген. Қыратқа көтеріле бере қабан өтіпті қорсылдап. Үшқар биігінің төменгі тұсынан он төрт тауешкі санапты. Кешке қарай Мақпал көліне өтетін асуда күннің батар сәтін камераға түсіріп, таңертең тұз себілген тұсқа (жалаққа) келетін жануарларды бақыламақты жоспарлаған төрт адам қоналқаға жатады. Сол тоғызыншы шілде күні таң ата бере, сағат бес жарымда тауешкілерді түсірмекке әзірленіп, артқа бұрылып қарағанда, мініс көліктерге жақындап қалған екі бірдей тау барысын байқайды. Камераның сыртылынан бір барыс қаша жөнеледі. Екіншісі ешкімнен де, ештеңеден де айылын жимай, «Өгемтаудың қожасы өзіммін» дегендей алара қарап, бір минөт аялдап барып бұрылып кете барған. Түсірушілер тобының төбесінен сол сәтте бес ұлар ұшып өткен. Одан соң жалаққа жиналған таутекелер  сүзіскен. Өгемдегі инспекторлардың бірі Тағайбек Батырбаев: «Тау барысы немесе қар барысы сирек көрінеді. Әлгі екеуі жалаққа келетін тауешкілерді аңдып жүруі мүмкін», деп болжайды. Орманшылардың айтуынша, барыстар 25 жылдан бері алғаш рет көрінген.
Ұлттық парк құрылғалы үш жылда бірталай тірлік тындырылыпты. Инспекторлар жазғы, қысқы арнайы киімдермен қамтылған. 53 мініс ат, 57 рация, 39 қызметтік қару, 6 жеңіл автокөлік алынған.  Жүз инспектордың 43-і орман телімдеріне тікелей бекітілген. Олардың  бәрі тау шатқалдарындағы кордондарда. Электр жарығы жоқ болғандықтан, күн батареясымен қамтамасыз етілген. Парктің төлқұжаты, символикалық рәміздері бар. Инфрақұрылымды дамытудың бас жоспары жасалған, қаржыландыру жоспары бойынша биылға бөлінген 102 миллион теңге орманды күзету, қорғау, қалпына келтіру, биотехникалық ғылыми-зерттеу және тағы басқа нақтылы шараларға шып-шырғасы шығарылмай жұмсалуда. Қазығұртта,Төле биде және Түлкібаста тәлімбақтар жасалған.
Орман және аңшылық шаруашылығы комитеті республика бойынша «Парк шеруі» акциясын ұтымды ұйымдастырып жүр. Осы «Парк шеруінде» де Сайрам-Өгем ұжымы озып келеді. Акция барысында қоғамдық ұйымдармен, жалпы жұртшылықпен, әкімдіктерден бастап өзге де  мекемелермен байланыс нығая түседі. Табиғат пен адамдар арасындағы түсіністік жақсарады. Жас көшеттер отырғызылып, бастау-бұлақ көздері, орман алқаптары қоқыстан тазартылады. Бұл іс-шараларға мектеп оқушылары мен студенттер көбірек жұмылдырылады.
Ұлттық  парктің негізгі міндеттерінің бірі – туристер мен демалушыларды молырақ тартып, олардың тынығып, демалуына, табиғат таңғажайыптарын тамашалауына жағдай жасап, қызмет көрсетіп, жергілікті бюджет пен өзінің арнайы есеп шотына қаржы түсіру.2007 жылы парк аумағында екі мың адам туристік және рекреациялық мақсатта демалған болса, 2008 жылы 3718 адам, ал 2009 жылдың өткен айларында төрт мыңға жуық адам демалды.
— Бұл өте-мөте аз, — дейді бас директор күрсініп қойып, темір көлігіміз қинала ышқынып көтерілген қиындау қияны меңзеп. — Жолымыз түсіп, өздерінің арнайы шақыртуымен биыл АҚШ-тың ұлттық парктерінде болып қайттық. Салыстыруға қиналамыз, қазір олардағы мынадай таулардың үстіне дейін ғажайып, сапасы өте жоғары асфальт  жолдар салынып қойылған. Несін айтайын-ай, аға...
Сайрам-Өгем қызметкерлері қолдан келгенінше тырбанып-ақ жатыпты. Үш деректі фильм шығарған. Буклеттер, суретті кітапшалар, плакаттар, күнтізбелер, парақшалар бар. Газеттер мен журналдарда, радио мен теледидарларда оқта-текте көрініп тұрады. Соңғы екі жылда 5 кордон (қызметтік үй) туристерді қабылдауға икемделіп жөнелді. Қазір демалушылар үшін екі киіз үй кешені, аңшылар үйі, 88 демалыс алаңы, 5 шолу алаңы, 6 сауна қызмет етеді. Әрине, олардың бірқатары әжептеуір-ақ, өкінішке қарай, көпшілігі әлі жұпынылау күйде. Анау-мынау кемшіліктер мен жетіспеушіліктерді Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Көкбұлақ өңірлерінің өзгешелігі білдірмей жіберетіндей. Әттең, көзқарас пен қаржыландыру өркениетті елдердегідей, шын мәніндегі мемлекеттік  және ұлттық тұрғыда болса, ең алдымен жолдар жөнге келтірілсе, кәнеки.
— Біріккен Араб әмірліктері тарапынан Сайрамсу жағына қызығушылық білдірілуде. Заңнамалық негізде, бірлесе пайдалану үшін олар сегіз жарым мың гектар жерді ресімдеуде, — дейді Тұрғанов мырза. — Есесіне инфрақұрылым жағына үлкен жәрдем жасалмақшы.
Айтпақшы, Сайрам-Өгем ұлттық паркінің жерін төлқұжатқа сәйкес түгендемек тіпті де оңайға түспепті. Алғаш 26 тұлғаға заңсыз беріліп кеткен 513 гектар орман қоры сот арқылы қайтарылып алынған. Одан кейін сол Түлкібас және Төле би аудандарының әкімқаралары әкелерінің жері секілді кім болса соған үлестіріп жіберген жерлер бойынша жұмыс басталды. Тексеріп қараса, паркке қаратылған өзендер мен бұлақтардың бойларын меншіктеп алған 44 жер иеленуші шыға кепті. Жер дауы қашан жеңілге түскен дейсіз?! Түлкібастағы 35, Төле бидегі оншақты жер иеленушіден соттасып жүріп, 805 гектарды қайтармақ оңай болған жоқ. Әлі 12 тұлға бойынша сот органдарына тиісті материалдар өткізіліп, қаралуда.
Өгем филиалының директоры Бақтияр Мақатов — дене пішімі кең-мол, даусы күркіреп шығатын жігіт ағасы екен, нағыз таудың перзенті. АШИ-дің орман шаруашылығы факультетін тәмамдағалы жиырма бес жылдан бері осы салада. Маржандай Мақпал көлі, Сусіңген және Баршакөл, Әулиетас, Қырыққыз бен Күйеу тас, аршалы шатқалдар мен беткейлер — баршасы осы Бақтияр басқарған бөлімше аумағында. Үш жүз гектардан аса бау бар. Ескірген, тозған. Жәйлап жаңартып жатыпты. «Жасыл ел» бағдарламасына сәйкес биыл 16 гектар алқапқа Алматыдағы академик Жанғалиевтің тұқым бағынан сұрыпталған алмалардың төрт сортын әкеп отырғызыпты. Осындағы орман инженері Бақберген Батырбеков, аға орманшы Жаңабай Мақұлбаев, мемлекеттік инспекторлар Түменбай Қожанов, Нұржан Дәрібаев, аңшы-биолог инженер Бақытжан Қараев — байырғы орманшылардың ұрпақтары. Осы аймақта Амангелді дейтін ақжүрек орманшы қар көшкінінен қаза тапқан екен. Жап-жас, балғын жігіт шағында. Сол Амангелді Жабаевтың өрен-жарандары тап біз барған күні марқұмды еске алуға кетіп бара жатып, Екіншікескен биігінде жолыққан. Жалпы, орманшылардың басым көпшілігі бұл кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа, атадәстүр ретінде жалғасытрып жүр. Баяғы Түристік База, Біргөлік, Нысанбек шатқалдары, Сайрамсу шыңы зорайған таулар, Қасқасу, Керегетас, Қорғантас, Сарыайғыр, Сілбілі, Сазаната аңғарлары, жота-жондары, өзен-сулары қарайтын Төле би филиалының директоры Еркебай Ережепов, меминспектор Аймахан Омаров, Төртінші айналымда туристер демалатын үйді күтіп ұстап, тәлімбақта (питомник) жас көшет баптайтын Сайрамбай Ақымбеков, Үшінші айналымдағы жылқышы Абзал Тастанбеков пен сол үйдегі сәлем сала иіліп тұратын Жауһар келін, Көкбұлақ, Иірсу, Дәубаба, Машат шатқалдары, балықты көлі мен Балықтысудың бас жағы, Қайыршақты сағасы мен Шүрен айналымы қарайтын Түлкібас филиалындағы Сәбден Қынтаев, Ұласбек Кенбаев, ағайынды Мейірбековтер, тағысын-тағылар — бәрі де өз істеріне керемет берілген, майталман мамандар. Ілгерідегі Мейірбек, Байырбек, Мергенбай сынды атақты орманшылардың ізбасарлары.
— Аға, бізді мақтап, атап-атап жазбасаңыз да болады. «Егемен Қазақстан» ел газеті ғой, жалпы жұртқа бар дауыспен: «Табиғат-Ананы аялаңыздаршы! Ең-ең ерекше ескеретін нәрсе — өртке, иә-иә, өртке себепкер болмақтан сақтаныңыздаршы! Сақтаңыздаршы туған жердің келбет-көркін! Айналайын гүлдерін!» деп жазыңызшы», — деді Өгем филиалын басқаратын Бақтияр гүрілдей қайнап жатқан Өгемсудың үнінен естімей қала ма дегендей, бар даусымен күркірей сөйлеп. — Ең-ең бастысы — өртке жол бермеу ғой, аға! Жетпіс екі шақырым жер Өзбекстанмен шектеседі. Олар шекара қоршауларын тап-тұйнақтай етіп қойған. Ал біздің шекарамызда әлі күнге дейін белгі жоқ. Намысың келеді. Кейде өрт сол жақтан шығады... Құдай сақтағай, әйтеуір. Былтыр жиырма жеті гектар өртенді. Биыл аманбыз, тіпә-тіпә. Мыңтоқым жақтағы Тәңірберген сайына атпен бір тәулікте әзер жетесің. Қайбір кезде бізге қараған Мыңтоқымның кей тоқымдары жер бөлісте Өзбекстанға қарап кетті. Ішің ашиды, амал қанша... Қалған телімдерді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Кеше 539 нөмірлі Джип мәшинесіне мінген екі адамды қуып шықтым аумақтан. Шіреніп, темекі тартып келе жатыр. Жотада Алдаберген, еңісте Әнуар дейтін инспекторларымыз түсінік жұмысын өткеріп, әбден ескерткен-ақ екен. Екі мәрте. Үшінші мәрте маған кездесіп, түтіндет-е-е-п отыр. Қуып шықтым. Джип боса кәйтейін! Дөкейлер боса кәйтейін. Бұлақтардың бойында, өзендердің жағасында темекі тартауға арналған жерлер аз емес. Танауыңды құрт жеп бара жатса, шек шылымыңды сол орында. Жо-оқ! Жолда, мәшинеде тарту керек екен дә ондайларға. Одан соң да, аға, адамның қанын қайнататын прокурорлар, салықшылар, әкімқаралар, полицияның шіренгендері (облыстан, қалалардан, аудандардан жететін), тағысын-тағылар саяхатқа, демалуға келеді де, тәртіпке сәйкес төлейтін титімдей тиынға тіс сындырып, күш көрсетіп тұрып алады ғой. Оларға не дейсіз?! Сондайлар құртады ғой табиғатты!
Бақтиярдың ашуы жуықта басыла қоймады.
Төле би филиалында да осындай әңгіме. Жақында ғана Диқанкөл ауылының үш азаматы ұсталыпты. Ұстау кезінде қаруларымен қарсылық көрсеткен. Үшеуінде де — мықты-мықты мылтықтар. Қызыл Кітапқа әлдеқашан еніп, жойылуға шақ қалған Мензбир суырының екеуін атып алыпты. Шығын 1018400 теңгені құрайды. Қылмыстық іс қозғалып, жауапқа тартылды. Сотталып тынды.
— Бағана АҚШ-қа барғанымды айттым ғой, — дейді Жеңісбек Тұрғанов. — Өздерінің шақыртуымен бір айлық оқуға барғанмын. Олардағы табиғатқа көзқарас, ұлттық парктердің инфрақұрылымы, жолдар, иә, әсіресе, жолдар керемет қой, керемет! Халықтың санасы түбегейлі өзгеруі керек-ақ. АҚШ-тың ұлттық парктерінде қасқырлар қасыңда жүре береді. Еліктер де, арқарлар да, құстар да қолыңды қытықтай иіскеп, алақаныңнан жем жейді. «Егемен Қазақстаннан» Өмірбек Байгелді ағайдың «Неге?» деген дүниесін оқыдым. Шынында неге біз жыртқыш боп кеткенбіз?! Сана-сезім, табиғатқа жанашырлық қайтсек өзгереді? Америкада зейнеткерлер, үкіметтік емес ұйымдар, жастар, балалар, жалпы жұртшылық табиғатты аялап-күтуге, қорғауға жаппай жұмылған. Тәртіпсіздікке, бүлдіруге жол бермейді. Жедел қарсылық танытады. Қоғамдық пікірге үлкен мән беріледі. Бізде жекелеген жебірлер көп нәрсені шешіп жатады. Жақында Бекет атаға да барып көрдім. Маңғыстаудағы. Пір Бекет әулиенің маңында арқарлар адамдармен араласып, емін-еркін жүр. Демек, әулиелі, киелі Бекет ата басында адамдар арқарларға тимейді. Жануарлар да соған орай икемделген. Демек, барлық жерде — ұлттық парктерде, орман шаруашылықтарында дәп солай, әулиелі, қасиетті орындардағыдай сана-сезімге көшсек, бізде де басқа елдердегідей жемісті нәтижеге жетуге болады екен. Білдіңіз бе?
Сайрам-Өгем дегенде, Сайрам-Өгем... Сіздің тілшіңіз үш күннің ішінде ұлттық парктің бірталай жерін Жеңісбек мырзамен бірге аралап шыққан. Бір таңданарлығы: Қайда барсаңыз-дағы, баяғы біртуар басшы болған Асанбай Асқаровтың ізгі іздері алдыңыздан шығады. «Ай, айналайын Асқаров-ай! Өзіне түк те жағдай жасамай, елге, жерге, мемлекетке болсын деген асыл азамат еді. Сондай абзалды да соттатып жібердік-ау...» деседі ақсақалдар аһ ұра.
Өгем тағдырын ол кісі тереңнен ойлап, шағын су электр стансаларын салуды, Қазығұрт-Келес өңіріне бұрмақты болжап, біраз тірлікті бастап үлгерген екен. Қасқасу шатқалының бір бүйірінен «Кіші Медеу» атты кешен жасауды жоспарлап, жол салып, жоғары кернеулі электр желісінің бағаналарын тартқызып, түкпірге дейін жеткізіп қойған екен. Әнебір жылдары қайран қайраткер жүргіздірген сол биік-биік бетон бағаналардың басындағы сымтемір тоналып бітіпті. Енді бағаналар құлатылып, күл-талқан етіліп, арасындағы арматураларды ала бастапты. Ұлттық парктің қызметкерлері қажыр-қайрттарының жеткенінше қорғап бағуда. Асқаров сынды абзалдың аман қалған, асқаралы шыңдарға ұмтылған бағаналары: «Сайрам-Өгем дегенде, Сайрам-Өгем ...» деп, ежелгі ән әуеніне үн қосатындай. Осы жерде айта кеткен абзал болар, біржарым жыл бұрын «Егемен Қазақстан» «Дерт дендеген дендробақ» атты көлемді материал жариялап, Шымкент дендробағының аянышты ахуалы туралы жазған еді. Міне, қазір облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен лайықты қаржы бөлініп, дендробаққа су келмек, күрделі жөндеу, емдеу жүргізіліп жатыр. «Шіркін-ай, Асқаровтай асылдың бастап кеткен басқа да істерін Асқардай жаңа әкім жалғастырса ғой», деседі талай-талай аға буын өкілдері.
           Біле-білсеңіз, бұл ұлттық парктің өзекті мәселері аз емес. Ең алдымен, өрт сөндіру автомашиналары, ең кемі алты трактор, екі автомашина, 50 мініс ат, 25 мотоцикл зәру түрде қажет. Одан кейінгі өзекжарды мәселе — орман айналымдары бекітілген мемлекеттік инспекторларды арнайы үйлермен (кордон) қамтамасыз етіп, аумақтың үздіксіз қорғалуын күшейту. Кордондардың тоқсан пайызы 40-60 жыл бұрын салынған ескі-құсқы құрылыстар. Қазіргідей қарқынмен күрделі жөндеу өткізгеннің өзінде он жыл уақыт керек-дүр.
Ұлттық парктің құрылғанына үш жылдан асты. Кәдуілгі талап тұрғысынан қарағанда, өзінің арнайы кеңсесі, ұйымдастыру орталығы, зертханасы, музейі, қоймалары мен гаражы болуы тиіс. Бұл үшін әзірше Шымкент шаһары аумағынан 3,1 гектар жер резерв ретінде белгіленіп отыр. Алайда, Үкімет қаулысы шықпаса, мәселе шешіле қоймайтыны аян.
Ұлттық парк құрылған кезде қасиетті Қазығұрт тауының енбей қалуы өкінішті-ақ. Қазық жұрттай Қазығұртыңыз қазір қатардағы мал жайылымы, тас алынатын кеніш ретінде азып-тозып барады. Қысқасы, Қазығұрт және Төле би аудандарына қарасты осы он мың гектар таулы алқап ұлттық парк қарауына берілуі қажет. Сондай-ақ, сол маңайдағы Ұлыжұрт, Кішіжұрт, Бәйбіше деп аталатын атыраптар, Ақбура аңғары, Ғайып Ерен, Қырық Шілтен сынды әулиелі орындар да мал жайылымы ретінде аяқасты боп жатыр. Оларды да Сайрам-Өгем ұлттық паркінің құрамына қосу немесе айрықша қорғалатын аумақ мәртебесін беру — бүгінгі ділгір діт.
Байырғы орманшы, майталман маман, білікті басшы Жеңісбек Тұрғановты толғандырар жағдаяттар жетіп-артылар. Орманшы мамандар даярлауды жан-жақты ойластырмақ, жергілікті жерлерден жастарды тартып, гранттар қарастырмақ ләзім. Табиғи аумақтар басшылары мекеменің өз қаражаты есебінен жергілікті жастарды келісімшарт арқылы жоғары оқу орындарына жіберу мүмкіндігіне ие болса. Себебі, өзге жақтан келген жоғары білімді жастар тұрақтамайды. Айлықтары аз, қызметтік тұрғын үйлер жоқ. 2002 жылы республика бойынша орман саласы «оңтайландыруға» ұшырады. Балық шаруашылығы бөлініп кетті. Орман саласының өзі жоғарылы-төменді органдарға бөлек-бөлек бағынатын бірнеше мекемеге қарауға көшті. Осының салдарынан соңғы жылдары бұл сала құлдырамаса, көркейіп дами қоймағаны білетіндердің баршасына белгілі. Бұл орайда да ойластыратын мәселелер жеткілікті. Көптеген өзендер мен бұлақтардың бойында әкімқаралардың, өзге де қолынан келсе қонышынан басар құзырлылар мен бай-бағландардың небір мал-мүкәммәл кешендері көбейіп, Табиғат-Ананың су көздері сұрқайланып барады. Қазақстанда қазір орман шаруашылығына арналған басылым жоқ. Үлкенді-кішілі өзге елдердің бәрінде керемет газеттер мен журналдар шығарылады. Бұл да  — ойланарлық жәйт.
Сайрам-Өгем — ұлт байлығы. Мемлекет мерейі. Оның ойдым-ойдым ормандары мен асқар-асқар алып таулары Оңтүстік өңірін Алатау арқылы Алтаймен, ары қарата Сібір және Моңғолия қыраттарымен, ал түстік тұста Памир мен Қарақорым арқылы Бұланайдай биіктермен жалғастырып жатыр. Теңдесі жоқ тау бұлақтарынан құралар Қашқансу, Сайрамсу, Өгемсу бастаған өзендер, 2100 метр биіктіктегі Мақпал көлі, төрт мың жылдан бермен қарата тербеліп тұрған алып аршалар. Таудың текті барыстары...
Аман сақтайық. Ана-Табиғатты аялайық. Баға жетпес байлықтың қадірін білейік!

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу