Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ШЫҒАРМАЛАРЫ...

 

КАФЕДЕГІ ҚҰДАЛЫҚ


— Біздің қатынды байқашы, — деді Бидайбек.
— Несін? — деді Несіпқұл.
— Қыземшектеніп жүр өзі, — деді Бидайбек жымиып. — Бұрын кіндігіне таман түсіңкіреп кетуші еді.
— Қайдағыны айтады екенсің, — деді Несіпқұл. — Әйеліңді сиырша сауып жүргендейсің ғой жүдә.
— Қарасаңшы, қарасан келгір! — деді Бидайбек. — Қарашы әуелім.
Несіпқұл қарауға мәжбүр. Тоқсұлудың тікірейіп, дір-дір еткен омырауына лажсыз назар жықты.
— Қашаннан бері, — деп, сілекейіне шашалды Несіпқұл. — Қашаннан, қай уақтан бері бұ-бұ-лай?!
— Солай, — деді Бидайбек Американы әлем жүзінде алғаш рет өзі ашып тастап, Амазонка ойпатында рахаттана жамбастаған жағрапияның қайраткерінше жасыл қыжым жастықты умаждай жантайып.
— Сен өзі бұзылайын депсің ғой, — деді Несіпқұл ары да, бері де тербеле басып өткен Тоқсұлудан көзін әзер-әзер ажыратқанын аңғартқысы келмес кейіпте.
― Бұзылайын деген мен емеспін, сенсің, — деді Бидайбек сылқ-сылқ күліп, дүние жүзіне аян Ниагара сарқырамасының суреті салынған қабырғаға қарап.
— Неге мен?
— Сен емегенде, кім? Өзің ойлағын, біреудің қатынына қадалып кеп-кеп қарайсың. Онда да тұп-тура қыземшегіне қадаласың? Бұзылған кім сонда?
— Қатын, қыземшек деген сөздерді айтудың өзі ұят емес пе?
— Қатын деген сөзіңнің әу баста әйел дегеннен әлдеқайда құрметті атау болғанын жазушылар мен ғалымдар қайта-қайта айтып, дәлелдеп жүр. Бұл — бір. Екіншіден, бізге көршілес Созақ ауданында Қыземшек ауылы, Қыземшек ауылдық округі, Қыземшек атты қос шоқы бар. Әнекиіңіз, енді қайтесіз, Несеке?!
— А-а-ал, — деді Несіпқұл. — Сонымен не демекшісің?
— Со-о-ол, — деді Бидайбек. — Тоқсұлу екеуіміз Ерменкүл екеуіңді ертіп құда қаласа, құдалыққа барсақ, қалай қарайсыңдар? Шымкенттегі құдамыз келін түсірмек, құда қаласа. Алдымен сырға тағады екен. Құдалығын қоса өткізеді білем. Соған сайдың тасындай іріктелген төрт кісі келіңдер деп жатыр.
— Ойбай-ау, біз ондай тастардың тізбесіне кіреміз бе?
— Кірмесеңдер, кіргіземіз, — деді Бидайбек, — құда қаласа. Осы кезде Тоқсұлу да дастарқанның бір бүйіріне жайғасқан. Жеңілдеу желеңінің омырауын жоғары, етегін төмен тартқылап қояды. Бұлардың не айтып, не ойлап отырғанына дейін сезетін сұңғылалығы сыртына теуіп тұрыпты. Шашын жуып, жібек орамалды маңдайын бастыра тартқаны да тартымсыз емес.
— Келесі аптаға кафедегі құдалыққа дайын болыңдар, — деді Тоқсұлу шәй кесені шайқап, найқала ұрттап. — Бүгін де бір тойға кетіп барамыз біз. Бірге жүріңдер, әйтпесем. Зыр ете қалғын да, Ерменкүлді әкеле салғын.
— Жо-жо-жо, рахмет. Бүгін өздерің бара беріңдер. Келесі аптаға дайындалып үлгерсек те жетер. Біздің бәйбішеміз сен сияқты емес, жайбасарлау ғой. Айтпақшыдай, бүгінгілерің қандай той?
— Е, мына Борлысайдағы туған нағашымыз дә. Жетпіске толып жатыр, — деді Бидайбек есінеп.
― Қайда өткізбек екен мерейтойды?
— Өзің қалай ойлайсың, қайда жасайды деп болжайсың?
— Ол ауылда тойхана жоқ, клубының құлап қалғанын көргем. Шарбағында жасайды дә.
— Жасамайды шарбағында. Шарбақта той жасау қалған қазір.
—  Енді қайда? Мектебі ескі. Сынып бөлмелері қуықтай-қуықтай еді ғой баяғыда, біз қатынап оқығанда.
— Әй-әй, Несеке! Сен өзі біздің нағашыларды кім деп жүрсің?
― Баяғы, Борлысайдағы белі шойырылып, бозарып отыратын көкеміз емес пе? Бір-екі мәрте бірге бармадық па?
— Қызықсың-әй! Адам деген белі ауырып, бозарған күйі қала бере ме екен? Оңалған о кісі. Оңай адам емес. Қатынымыздың қыземшектеніп жүргенін бекер көрсетіп отқан жоқпыз біз саған. Борлысайдағы боз нағашымыз дағы қызылшырайланған. Белі емделген, елі жөнделген. Ең үлкені Астанадағы кұрылыс салатын компанияның вице-президенті. Ортаншысы «Қазмұнайгазда». Өзі Борлысайдағы кіші ұлының қолында. Ауылда отырса да, сол кенжесінің үйлену тойын Шымкенттегі ең мықты «2030» тойханасында жасамақшы, құда қаласа. Ал сен болсаң, шәр-бә-ә-әк дейсің.
—  Қойдық, ойбай. Қайтайын мен. Айтпақшыдай, Тоқсұлу, Ерменкүлге не тапсырмаң бар?
— Емшегін жөндесін, — деді Бидайбек әйелінің орнына жауап беріп. — Солай, қарасан келгір құрдас! Тоқсұлудан толыққанды кеңес алып кеткін тап қазір.
— Кеңес айтсам, Ерменкүліңді қалаға апарып қайт. Поролон ала ма, сүйек-саяқпен томпайта ма, өзі біледі. Грациясы мен бодиі бар. Вандербра — қаланың ең мықты қатындары киетін көкірекше. Біз сол боди жетеді деп жүрміз ғой, Бидайбектің қалтасын аяп.
— Не бәлелерді былдырлатып жібердің өзі?! Қарапайымдауы қалай аталады дедің?
— Поролон дедім, по-ро-лон, бірақ сен соншама сорлы емессің ғой. Қысқа ыстанын қоса сататыны болмаса, грациясы құба-құп қой Ерменкүлге.
— Туһ, құрып кеткірлер-ай, ояқтарыңды қояқ-қойсаңдар қайтеді-әй енді.
— Әй, неге қояқ-қоямыз?! Қаладағылар да, ауылдағылар да тек тесіліп киіміңе қарайды. Еркектер емшегіңе емінеді. Қазіргі қатындардың бір құдалыққа киген киімін екінші құдалыққа өліп кетсе де кимейтінін, бір тойға ілген емшекқабын екінші тойға ешқашан ілмейтінін білмейсіңдер ме?
— Жіпті мінеміз бе, Мазданы ма? — деді Бидайбек.
— Мазда дұрыс емес пе? — деп, шай кесесін шайқай шалқыды Тоқсұлу.
— Сен қайсысын айтасың? — деді Бидайбек. — Мен бүгінгі тойды меңзеп едім.
— Мен келесі аптадағы, кафедегі құдалықты ойлап отырмын, — деді Тоқсұлу тотайлана көз төңкеріп.

* * *

Шымкентіңіздің тойханалары да, құда шақыратын кафелері де аса жоғары дәрежелі, бірінші, екінші және үшінші дәрежелі, қарапайым және қарабайыр болып бөлінеді. Бұл жолғы құдалығыңыз негізгі, ұлан-асыр, үлкен тойдан төрт апта бұрын бірінші дәрежелі кафеде өтетін еді. Бұл жақта жастардың үйлену тойына дейін екі тарап та құда шақырысады. Ол барлық жердегідей құдалық деп аталады. Құдалыққа бірінші болып жігіт жағы шақыруы тиістігі түсінікті. Кей-кейде ұзатылар қыздың тарабы алға түсіп кетеді. Ондайда құдалығыңыз көбінесе сырға тағу рәсімімен ұластырылады. Бір жақтан екінші жақтағы құдалыққа қатысатындардың құрамы әр түрлі. Кейде жиырма-отыз адамның айналасынан аспаса, көбінесе баршылыққа байланысты, сан тарапты келісімге сәйкес сексен-тоқсанға жетіп жығылатын жағдаяттар да жоқ емес.
Ұзын сөздің қысқасы, бүл жолғы біз сөз етпек құдалыққа жетпіске жуық адам жиналды.
Бас құдалар мен басты құдағиларға сөз берілді. Сый-сияпат жасалды.
Өзге де етжақындар мен қадірменді қонақтар сөйлеп, құттықтады. Құрмет көрсетілді.
Сырға тағу рәсімі барша сән-салтанатымен өтті. Сырғамен бірге күміс білезіктер, алтын сақиналар, асыл алқалар сәуле шашысып, жалт-жұлт еткен еден мен жарқ-жұрқ еткен төбенің арасында жасанды жасын ойнады.
— Құдалығымыз мынадай, тойымыз қандай болмақ-дүр? — деді біреулер. — Бірінші дәрежелі кафеде отырыппыз, ә-ә?!
— Құдайға шүкір, жағдай жақсы ғой, күнде қызық, күнде той, — деді екіншілер.
— Шымкент шәһарындағы бірде-бір тойханаңыз, бірде-бір кафеңіз күндіз-түні бос емес, — деді үшіншілер.
Құдалықтың тек бір ғана кемшілігі бар еді. Арнайы асаба жалдамапты. Дастарқан жүргізуді әлдебір әкімшілікте әжептеуір қызмет атқаратын ағайындарына сеніп тапсырыпты. Дегенмен кафенің көркі баршаның көңіл күйін әуелетіп әкетіп, әзірше төменге түсірер емес-ті.
Өкінішке қарай, құдалық орта тұсынан аса бергенде, асаба әкімқараңыз қызыңқырап қалды. Опыр-топыр би басталып кетіп, біразға созылды. Ауыл адамдары мен қала тұрғындарының арасында анау айтқандай айырмашылық жоқ есепті. Киім киістерінен, қимыл-қозғалыстарынан, тағысын-тағыларынан бадырайып байқалатындай бірдемені тапсаңыз, кәнеки?!
Былайғылар осылай ойлай бастағанда, Бидайбек ортаға шығып, микрофон сұрады.  
— Биді біраз байыздата тұралық, — деді ол. — Алдымызда, құда қаласа, бір емес, екі тойымыз бар, құмарымыз қанар. Бүгінгіміз — құдалық қой, аз-маздап лебіз айталық. Қалалықтар кінәз мінез қылықпен қызметке қараңқырап сөз беретінін білеміз біршама. Мына менің ныспым — Бидайбек. Несіпқұл құрдасымды ертіп ауылдан келдік. Бәріміз де құдамыз, құда қаласа. Құдеке, құдалық керемет өтіп жатыр. Бірақ асаба жалдамапсыздар. Бізде ауылда он адамнан асса бітті, тамада табамыз. Осы облыс көлемінде көп емес пе асабалар? Мақтаралдық Мейірбек, Шымкенттің өз ішінен Рысбек, Самат, Әбдіхалық, Серік, Досжан, Бақытжан, бәрін білеміз. Көп қой олар қалада. Анау біреуі кім еді, Арыстан көшіп келген? Иә-иә, Құрал, әні мен сәні келіскен. Әселханның баласы да тәп-тәуір тамада екенін естиміз. Біреуін таңдай салғанда болатын еді дә. Кәне, қалалықтар жақтан да біреу шықсын енді. Сөз сайыстырайық, ой жарыстырайық, жүдә болмаса, бой салыстырайық (Бидекеңнің бойы бір метр сексен төрт сантиметр ғой). Айтыс десеңіздер айтысқа, тартыс десеңіздер тартысқа дайынбыз. Қыздырайық та құдалықты, құда қаласа!
Көп күттірместен, ортаңғы тұстан орта бойлылау біреу көтеріліп, Бидайбекке қарай беттеді.
— Қалалықтардан қайбір айтыскер мен тартыскер шығушы еді? Мен — мына қыз ұзататын құдалардың командасынанмын. Алайда ауылбайскиймін. Намысқа тырысып шығып қалдым, ныспым — Ескермес. Қалай, құдеке, мал-жан аман ба? Қанша қойыңыз бар?
— Құда қаласа, бірер мыңға тарта мал бар ғой, — деді Бидайбек масаттанып. — Келешек келініміздің нағашылары Темірлан тұстан деп естіп ек. Түп-түгел тауық бағады деуші еді. Тауықтарыңыз түгел ме?
— Тауық шаруашылығын шырқатып жатқанымыз ып-ырас, — деді Ескермес. — Құс етіне де, жұмыртқаға да қарықпыз.
— Импортный кесел шықты емес пе? Тауық тұмауды айтам. Қытайдан басталды ма, қайдан бастау алды өзі? Вьетнамнан ба әлде? Тауықтарыңыз тұмау-сұмаудан сау ма, әйтеуір?
— Бидайбек құда, біз тауықты тұмау-сұмауымен қоса қуырып жеп қоямыз, — деді Ескермес. — Осы құдалыққа да жүз тауықты жеткізіп бердік. Тұмаудан аман дей алман.
— Естідіңдер ме, қазағым, қайран жұртым?! Ойбай, Есақа, шынымен бе? Тауық тұмауыңыз жұқпалы емес пе?!
Жұрттың бәрі, жетпіске жуық адамның күллісі тым-тырыс тыныш тауып, тауық әңгімесіне құлақ түріскен.
— Шынымен айтып тұр ма? — деді біреулер.
— Құдалыққа келгеннің бәрін қырайын деп жүрген шығар, — деді екіншілер.
— Қай жерде отыр еді өзі? Қай тұстан шықты? — десті үшіншілер.
Бидайбек еңсесін тіктеп, өз иығынан тым төмендеу Ескермеске есіркеп-мүсіркегендей қараған:
— Шын ба, Есеке? Ойбай, кешіріңіз, Есақа!
— Бір түйір де, мекиеннің миындай да жалғаны жоқ. Көздері мөлиіп, тұманыта бастағаннан-ақ бас салып, басын кесіп аламыз. Жүнін жұлып, тырдай жалаңаш тауықты қуырамыз-ай келіп. Қызулары көтеріліп, беттері алаулап, тұмсықтары талаурап тұрғанда сойғандықтан ба, сол шіркіндердің еті тіпті таң қаларлықтай тәтті-дәмді боп кетеді. Сілекейіңіз шұбырады. Ы-ы-ы-ым!
Бидайбек одан сайын таңырқай түседі:
— Тауық тұмаудан қытайлар қырылып қала жаздамады ма осы? Темірланның төңірегі тыныш па?
— Жоқ, Бидеке, тауық тұмаудың пайда-зияны тепе-тең екенін естімеген екенсіздер дә. Зиянды жағын залалсыздандырып, пайдалы пайызын еселемек керек. Ол үшін үйректің етін қолданбақ қажет. Жай тауықтың етін май тауықтың етімен қосып қуырасыз. Бітті. Түк те етпейді. Қайта көп кеселіңізге мың да бір ем. Айтпақшыдай, біз үйрегіңізді май тауық деп атаймыз.
— Ойпырай, Қытай, Вьетнам, Тайландтарыңызда былтыр бес миллиард тауық бостан-босқа өртеліпті де онда?!  
— Олардың өз обалдары өздеріне. Өзге мемлекеттердің ішкі істеріне біздің ауыл араласпайды. Өзіміздің өмірімізден жан-жақты хабардар етіп жатқанымыз ғой жаңа құдаларды, — деді Есақаң құлшына дауыс көтеріп, микрофонды қайқайта ұстап. — Осы құдалықка жүз жай тауыққа қоса елу екі май тауық әкелгеніміз рас. Ас босын, алыңыздар.
Төрде төбедей боп отырған төрт-бес адам өре түрегелді. Біраздарының жүректері айнып, әжетхана жаққа жөнелісті. Толқуды әдепкідегі әкімқара әзер басты.
— Бәрін бастаған мына Бидайбек құда ғой, — деді ол масаңдығынан әп-сәтте айығып. Сонсоң паңдана кекірейіп, сұрып сындылау сұрғылт реңіне таңданған кейіп кіргізген. — Бидекең әдейі, қызық босын деп сөзсайысқа шақырды. Біздің қалалықтар жағынан Есақаң шығып, біраз-біраз састырыңқырады. Әйтпесе, тұтас Ты-Мы-Ды елдерінде, олардың ішінде, әсіресе Қазақстан Республикасында тауық тұмауыңыз атымен жоқ. Мазасызданбаңыздар, қымбатты меймандар, қадірменді құда-құдағилар мен құдашалар! Солай емес пе, Ескермес аға?
— Солай-солай, тап солай, — деді Есақаң. — Мен жеңдім. Бидекең жеңілді. Бір де нөл. Есақаңның есебі ерен, қисабы терең!
— Е-е-ей, Есақа! Мен неге жеңісімді қолымнан берем?—деді Бидайбек.
— Менің тауық тұмау хақындағы өтірігіме иланып қалдыңыз. Илана жаздағаныңызға қалың ел улана жаздады. Демек, жеңілдіңіз. Есеп — бір де нөл.
― Әзіл-өтірігіңізге әдейі ғана сенген кейіп көрсеттім. Мен сөйтпегенде ше, Есақа, сіз де шырқай шығандап, шабыттана алмас едіңіз.
— Жарайды, шегінейін. Бір де бір. Ары қарата айтысамыз ба?
— Жетер, — деді Бидайбек басалқалық та таныта алатынын байқатып. — Біздің командадан, құда қаласа, құрдасым Несіпқұл шығады.
Құрдасы да оншалықты ошарылмады. Орта тұстан кешікпей-ақ көрінді. Қызыңқырап қалыпты. Қарсыласпаққа шыққан қалалық құда жасырақ екен. Ортадан жоғарылау бизнесмен болса керек, қос қолын қалтасына терең салып тұрысынан білінеді. Несіпқұл бүй деп бастады:
— Рақат қой қалалықтарға. Қалталарыңыз қалың. Құдаларды түрлі дәрежелі кафелерде ғана күтесіздер. Қатын-қалаштарыңызды қинамайсыздар, коттедждеріңізді былғамайсыздар.
Қалалықтар атынан шыққан құда жауап қатты. Аты Мінуархан екен.
—  Ауылыңыз қалып қойды демессіз-ау, Несеке! Бидайбек құданың бірер мың қойы, төрт жүз жылқысы бар, сиырына сан жетпес деседі. Жұқа емессіздер-ау сіздер де.
— Біреулердің қорасындағы қойын санамай, қалтасындағы ақшасын есептемей, басқа тақырыптарға көшіп байқасақ қайтеді осы?—деді Несіпқұл Бидайбек құрдасына еліктеп, қалалық құдаға биіктен көз тастамаққа талпынып. — «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, мәселеңки, мына Батыс Африкадағы Матами тайпасының командалары футболды адамның бас сүйегімен ойнайды.
— Айтпадым ба?! Ауылдың білмейтін бәлесі жоқ. Сізге мен бір қызық айтайын. Өркеші қисық көрсеткенімен, ең түзу омыртқа түйенікі көрінеді.
— Ал енді, сіз, қалалық құда, ұрғашы иттер еркек иттерге қарағанда адамды жиірек қабатынын білесіз бе?
—  Бір ұрғашы қара өрмекші күніне жиырма еркек қара өрмекшіні жеп қоюы мүмкін.
— Мүмкін бе, жей ме шынымен?
— Жыны келсе, жеп қоя салады жиырмасын. Аяса, азайтады. Еркектердің біразы аман қалады, — деді Мінуархан.
Несіпқұл ұрғашы қара өрмекшілерге қарағандай-ақ, қатын-қалаш, қыз-келіншек, құдағи-құдашалар отырған жаққа жамандау көзбен ежірейіңкіреді.
— Бұ бәлелеріңіз қи-ы-ы-ен, — деді сонсоң сапалы арақтың санасын торлай бастағанын біржолата мойындап. — Құдашаларды қайдам, құдағилардың емшектері өздерінікі емес. Жасан-ды-ы. Грация, боди-боди. Тағысын-тағылар.
Құдағи-құдашалар тарабы шу етіп барып басылды.
— Сайыса береміз бе? — деді Несіпқұл тағы да.
— Таусылдыңыз ба, құдеке? — деді Мінуархан.
— Жо-жо-жо! Неге таусылам! Кеттік ары қарай. Кафе-кафе, бірінші дәрежелі дейсіңдер шіреніп. Қазақ құданы қара шаңырағына шақырған, өз үйінде күткен. Үйлерің жоқ па, немене? Үй көрсету деген салттан безіп, дәстүрден танып, шетелдерше кафелеткен, кафелдеткен салтанаттарыңның сиқын, еһ!
— Қойыңыз енді, құдеке. Қалай-қалай қисайып барасыз? Үй де бар, жай да бар бәрімізде. Бірталайыныкі —жай ғана үй емес, көз тоймайтын коттедждер. Бірақ қазіргі заманда кафедегі құдалық, қаласаңыз да, қапалансаңыз дағы, дәстүрге еніп, тұрмысқа кіріп кетті. Кафеде күтуге шамалары жетпей ме деп күлетін болды бүгінгі жұртыңыз. Үйге шақырудың шаршататынын елдің бәрі мұқым мойындайды.
— Мойындасаңыздар — мейілдерініз. Мен мойындамаймын, — деді Несекең.
—  Елімізде ерекше демократия ғой, еркіңіз білсін, — деді Мінекең.
— Құдеке, қазақ қалайынша кояқ-қояды үйге шақыруды? Қалайынша қазағыңыз француз немесе неміс бола салады? Немістің өзі қазақ боп көшіп еді ғой күні кеше. Германияға барсаңыз, бізден кеткен немістер қазақтың құртын аңсап, аңырай еңіреп жылайды деседі.
— Болдыңыз ба?
— Әзірше боп тұрмын.
— Болсаңыз, бізге кезек беріңіз. Енді мен жырлайын. Кафедегі құдалыққа ештеңе жетпес, құдеке. Бір-екі жыл бұрынырақта анау отырған менің ағам келін алған. Келтемашат деген жерден. Таулы ауыл ғой. Сол Келтемашатта екі үй, Ұзынмашатта үш үй, Жиынбай деген жерде бір үй, Састөбе кентінде бір үй... Қойшы, әйтеурім, сегіз-тоғыз үй шақырды. Бір үйде бір сағаттай отырар-отырмас опыр-топыр тұрып кетіп, келесі үйге жөнейміз. Анаусынан ауыз тиіп, мынаусына мұрын жақындатып жүріп-ақ, күпті боласыз. Не әңгіме айтып, не жөн сұрасып жарытпайсыз. Не демалып демделмейсіз, не таудың таза ауасын жұтып емделмейсіз. Үйден-үйге, ауылдан-ауылға сансыраған сандалыс. Апас-қапас сабылыс. Түлкібасыңыз түп-түгел тұшпара түйеді екен тағы да. Түйіртпек тағам алдыңнан шыға берген соң, екі қолыңды төбеңе қойып, безіп кеткің келеді екен. Ал арғы жылы Жетісайдың бергі жағында және қаланың өзінде он төрт үй ме, әлде он бес үй ме шақырған бір құдалықта болып, бәрінен бірыңғай ет жеп, он алты, әлде он жеті қойдың басын мүжіп, ақырында алты-жеті адамымыз ауруханаға түскен. Неден болғанын қайдам, қалалық пажарныйда істейтін подполковник ініміз қайтыс боп кеткен.
— Құдалықтан қаза тапты деп, жаңа жекжаттарыңызды сотқа берген жоқсыздар ма?
— Жоқ, ондай бәледен сақтасын. Енді өзіңіз жан-жағыңызға жайлап қараңызшы, құдеке. Кафе дегеніңіз рахат қой! Мінекиіңіз, төрт көзіміз түп-түгел, тұп-тура тойдағыдай бір жерде отырмыз. Әйелдер жағы әп-әдемі. Шаршап-шалдығып, сүрініп-жығылып, қазан асып, қамыр илеп, от жағып, табақ-аяқ жуып, сілікпесі шығып жүрген ешкім жоқ.
— Бәрібір, кафелеріңізді қабылдай алмаймын.
— Неге? — деді Мінуархан.
— Сол, — деді Несіпкұл.
— Онда, құдеке, айта қойыңызшы, үстіңіздегі кәстөміңіз бен бұтыңыздағы шалбарыңыз қай жақтыкі?
— Чехтардыкі?
— Топылиыңыз ше?
— Италиядан.
— Жейдеңіз қайдан?
— Жапония жақтан.
— Міне, көрдіңіз бе, құдеке?! Кафені мойындамасаңыз, кафедегі құдалықты қабылдамасаңыз, кафені кәперіңізге ілмесеңіз, неге үстіңіздегінің бәрін түгел сыпырып тастамайсыз? Неге шапан киіп алмайсыз? Киім-кешекті былай қоялықшы, мініп келген мәшинелеріңіздің мәркілері қандай? Құдалыққа неге мәшине мінесіз? А? Түйемен, атпен, күймемен келмедіңіз бе? А-а? Мәшинелеріңіздің бәрі шетінен — Мерседесбеніс, Аудижүз, Маздашырақ, Жіпбымды. Ал? А-а-а? Үндемей қалдыңыз-ә-ә-ә...
— Әй, құда! Бәрін доғарып, мәшине салыстырамыз ба?
— Салыстырамыз ба, жарыстырамыз ба?
— Жо-жо-жо! Жарыстырамыз деп, бірдемеге ұшырап жүрерміз. Салыстырайық. Қалалықтарда қалай, ауылдықтарда қандай? Көрелік.
— Кәмәсия құрайық, бәрі бірдей шұбыра шығып жүрмес үшін.
— Жарайды, қалалықтардан үш адам, далалықтардан үш адам. Кәне, кім?
— Кәмәсия емес, қазылар алқасы дейік.
— Бопты.
— Боса, бопты.
Қазылар алқасы жарты сағаттай уақыт шығындап, мәшинелерді санап, маркаларын анықтап қайтты. Қала мен даланың темір көліктері, кейбір айырмашылықтарына қарамастан, тепе-тең түскені мағлұм етілді.
— Жіптойота қанша?
— Қаланыкі — екеу, даланыкі — біреу.
— Жіпниссан ше?
— Қалада — біреу, далада — екеу. Ескілеу екен.
— Мерседесбеністен нешеуден екен?
— Қалада — біреу, далада — біреу. Шаршаған, әрине.
— Далада демей-ақ, ауылда десеңдерші-әй!
— Бы-ым-бы қаншадан?
— Бір-бірден.
— Ал енді Ты-Мы-Дының туындыларына келейік...
— Е, оларды онша есептемедік. Еділ жорғалар да, Жигулилеріңіз де бірталайдан бар екен.
Кафе іші біраз саябыр тартып, күбір-сыбыр көбейген.
— Кәстөм-шалбардың ең кемі бес-алты қалтасы болады ғой, соларының ішек-қарны ақтарылып, бірқатары сыртына шығып жүретін мына біздің Мінуарханға дейін мұншалықты мығым ми мен нығыз дүние бітіп, ақылгөйсініп алған соң, заман басқа, адам қасқа — жүдә басқа демеске лажың қайсы? — деді біреулер. — Бұтынан бұзау өтсе де былқ етпейтін момындар пысықайға айналды.
— Ақылыңыз да ақшаңызға тікелей тәуелді боп қалды емес пе, оның неменесіне соншама қайрансыз? — деді екіншілер. — Мәселенки, кімнің қалтасында қанша қаржы жатқанын сөз ләмдері аңғартып тұрады.
Үшіншілер үнсіз күрсіністі.
Кафеде өткен құдалық жоғары деңгейдегі көңіл күймен, қала мен ауылдың қызу қауышып, құшақтасуы және шөлпілдесе сүйісуі жағдайында тәмәмдалды.
Бидайбек пен Несіпқұл да, Тоқсұлу мен Ерменкүл де бірінші дәрежелі кафеден жаман қайтқан жоқ. Екі қатын қыз дәурендерін қайталай еске алысып, Шәмшінің әндерін әжептеуір шырқап-ақ шырқырағанмен, сөздерін тым шалалау шамалайды. Бидайбек пен Несіпқұл Шымкенттейін шәһардан Өмілдірік ауылына апаратын ұзақ жолда әлсін-әлсін желігіп:
— Анау құдағи ше?
— Поролон ғой оныкі.
— Қасындағысы қалай?
— Сүйек-саяқтан томпайтқан секілді.
—  Оң жағындағы талдырмашты байқадың ба? Кіндігі көйлегіне тимей тұрған?
— Әй, соныкі ғана табиғи, өзінікі.
— Солай сияқты.
— Әкімшіліктегінің әйелі ше?
— Грация, қысқа ыстанымен қоса.
— Бас құдағи боди болар, сірә?
— Дұрыс болжапсың, боди-боди.
— Вандербра жоқ па сонда?
— Жоқ болғаны дә. Оларды аса жоғары дәрежелі кафеден көресіз дә...
Дегендейін мән-мазмұндағы ыңғайсыздау, Өмілдіріктен өзге ауылға таңсықтау пікір алысудан айнымады.
Екі әйел бұрынғыша ыңылдап, екі еркек сәл қалғыңқырап кеткен екен. Жалт-жұлт еткен мәшинеге жалбаңдай ұшқан жамансары соғылып, сергек тартқан Бидекең:
—  Несеке! — деді кенет Кезеңтаудан төмен түсе бергенде құрдасын иықтан тартып. — Құйысқанға қайырыла кетелік. Көңіл күйім бұрылып тұр бұзылып. Етжақын жекжат бартұғын, біраз жыл бойы бармап ек. Ай ғажайып жарық қой, мұндай түнде ұйықтау да айып қой.
— Омай-ей! Біздің Бидекеңнің бауырмалдығы бір ұстаса, бой бермейді, тек  тасып-төгілмей тынбайтыны жаман,— деді Тоқсұлу тотай күйінде. — Жекжатың сені таныр ма, түн ортасы болғанда.
— Өмілдірік озған ауыл, Құйысқаның тозған ауыл саналар. Өмілдіріктің озып тұруы өзіңнің арқаң ғой, Бидеке! Бұрылсақ, бұрылайық, несі бар, — деді Несіпқұл.
— Қалайынша қайырылмаймыз бір жерге деп-ақ едім, — деп, Ерменкүл елірген.
Кафедегі құдалықтан қайтқандар Құйысқан ауылының қиқы-жиқы, шаңдақ көшесімен құлдилай төмендеп, биік жарлауыт түбіндегі тозыңқы тамның жанына тоқтаған. Тарбиыңқы талдың белуарына таман көтерілген бозғылт шаңға дейін айдың сәулесімен ағараңдай бұлаңытып, әлдебір жұмбақты жария ететіндей құпиялана құбылады. Артта қалған ғасырыңыздың алпысыншы жылдарында жаппай сәнге айналған «Т» әрпі тәріздес терезелер, енсіздеу есік, қарауыта қабарған үйтам тым-тырыс мелшиеді. Айдың нұрынан айырылғысы келмеген тозаң тыншу тауып, қонақтардың кұлағы ашыла берген мезет үйдің артқы жағынан «ы-ы-ыһ», «ы-ы-ыһ», «ы-ы-ыһ» деген дыбыс естілген. Еркектер бір-біріне қарасқан. Әйелдер жырқ ете күліп жібере жаздап, ауыздарын алтын жүзіктер көмкерген кербез саусақтарымен жаба-жаба қойысқан.
Бидайбек пен Несіпқұл ақырындап үй айналған. Екеуден-екеу қалуға қаймығысып, қатындары да ілескен.
Ай астында сары топырақтан құйылған қам кірпішіңіз Кезеңтаудың табанында жыпырлай жайылып жататын мәліш қойдың отары секілді сезілген. Былайырақтағы бірер үймесі қоңырқай қорадайын қалқиып көрінген. Тырдай жалаңаш біреу жарлауытқа жармаса тырмысып, кетпенді құлаштай сермеп, сары топырақ шауып жатыр. Кетпенін әр көтеріп-түсірген сайын: «ы-ы-ыһ», «ы-ы-ыһ», «ы-ы-ыһ», — дейді.
— Сау ма, жынды ма? — деген Несіпқұл жайлап қана.
— Іздеген адамдарың анық осы ма? — деді Ерменкүл күйеуінен де бәсең үнмен.
— Құрысыншы, қайтып кетейікші, — деді Тоқсұлу сыбырлай.
— Кім бар о-о-оу?! — Бидайбек батылдана даусын зорайтқан.
Жалаңаш кісіңіз кілт кідіріс тапқан. Бірден бұрылмаған. Ыңғайсызданбаған да. Ақ теректің бұтағына іле салған бірдемесін бұтына жапсырып бұларға қарата жақындаған.
— Ассалаумағалейкүм, — деген.
Бұлар бәсеңдеу жауап қатқан. Алайда амандасқан адамның қолын алмақтан қаймыға қипақтасқан. Жартылай жалаңаш жанның басқа емес, арнайы қайырылып, іздеп келген етжақын жекжаты екенін кешірек таныған Бидайбек алға қарай ұмсына ұмтылып, қос қолын бірдей ұсынған.
— Жарайды, қол алыспай-ақ қоялық, — деді жекжаты екі иығын кезек-кезек топырақтан тазарта қаққылап. — Құрсан боп тұрғандарыңыз шамалы, біз дағы құмар емеспіз. Саусақтарыңызды жаралап жүрерміз. Қош келдіңіздер, қонақтар, үйге кіріңіздер. Жиіркенбесеңіздер?
—  Кірмейміз, рахмет, — деді Бидайбек. — Қалай, есен-түгелсіңдер ме?
— Түгелміз, бірақ түгесілмекке де таяумыз, — деді жекжаты.
— Не болды соншама? — деп сұрады Тоқсұлу араласып, масаңдығын мазаңдық еңсеріп. — Кемпірің, ойбай, келіншегің қайда?
— Шымкентте.
— Е, жүдә жақсы, қалада тұра ма?
— Жоқ, он айдан бері онкологияда жатыр.
— Бір ұл, бір қызың бар еді ғой?
— Қайбір жылдары қалаға ауған, әлі күнге деуір жұмыссыз сандалып, базар-ошарда жүр. Көріп тұрсыздар, біздің тірлік осындай. Сары топырақтан қам кірпіш құйып, Құйысқанның қарапайым халқына сатамыз.
— Е, оныңыз жөн екен, нарық заманы ғой, — деді Несіпқұл ай астындағы ауырлау ахуалды сәл сейілтпектей сезгірлене.
— Үйге кірсеңіздерші, шай қойып жіберем, — деп, жекжат жақ  жібіңкірегендей.
— Жо-жо-жо! — деді Несіпқұл. — Мына Бидекең бәріміз қаладан, құдалықтан келе жатыр ек. Бидекең арнайы өзіңізге қайырыла кетейік деген соң... Кәне, қатындар, шығарсаңдаршы бұ кісінің сыбағасын! Боңдар-боңдар. Боди-боди.
Үйілген кірпіш үстінде қаздиып «Қазақстан» коньягі, сом-сом жылқының еті пайда болған. Бәрі бір-бір жуан үрімкеден алып-алып қойысқан. Құйысқан ауылының тұрғыны бәрібір бірден ашыла қоймаған. Сом-сом етке қол созбаған.
— Апайымыз айығып кетсін, бала-шаға аман босын, басқа не айтамыз? Жалпы жағдай жөнделіңкіреп, тіршілік түзеліп келеді, қимылдағандар қыр асып жатыр, бәрі дұрысталады, — деді Несіпқұл екінші кезекке көшкенде. — Не айтамыз басқа, ап қояйық.
— Апайың не, Несеке? Бұлар бізден көп кіші, — деді Бидайбек.
— Құда қаласа, келеміз әлі, араласамыз.
— Е, жаман емес екен бұ кісілеріңіз, — деді Ерменкүл есінеп.
— Бұлшық еттері бұлтылдайды!
— Мәселе менде ғана емес қой, — деді Бидайбектің етжақын жекжаты. — Мәселе мынау жер үстіндегі, анау ай астындағы жалпы көңіл күйде. Мінеки, мына сіздер анау ғасырдың аласапыранында аса жоғары көңіл күй орбитасына орнығып алдыңыздар, Өмілдіріктің өзгеше өкілдерісіздер. Біз болсақ, Құйысқан ауылының ең төменгі тақырланған пақырларымыз. Сіздер секілділерден біздер сияқтылар әлденеше есе көп боп тұрыппыз дә-ә. Жалпы көңіл күй пәс тә-ә-ә.
— Жүдә жылай бермеңізші, түн жарымында жап-жалаңаш жүрсіз ғой, жүдә, — деді Ерменкүл қалжыңын қайталай жалғап.
— Тыпыршыған табанға тікен кірер, тыныш тұр, — деді Несіпқұл қатынына сыбырлап.
— Ал жақсы, аман көрісіп, есен жолығайық, — деді Бидайбек.
—  Қайырылғандарыңызға қайранмын, бұрылғандарыңызға бек рахмет, — деді жекжат. — Құндылықтар хақындағы көзқарас, қоғамның психологиясы мұқым басқа ғой бүгінде.
— Батпақ ішінде жүрген сасықтың пәлсапашылын қарашы, — деп сыбырлады Тоқсұлу Ерменкүлге.
— Маған ұнады бұ кісі, — деді Ерменкүл. — Бұлшық еті бұлт-бұлт, бұлт-бұлт...
Бидайбек бір қалтасынан жүз доллар суырып ұсынған.
Етжақын жекжаты ай жарығы арқылы байқап қойып, бүй деген:
— Бұ бәлені ұстап көрген жан емен, қажеті жоқ.
— Жо-жо-жо, алыңыз! — деп, Несіпқұл да елу доллар шығарған.
— Бүкіл жаздайғы бейнетіммен таппайтындай дүние екенін мойындай тұра, мынаны мәлімдеймін, — деді жартылай жалаңаш жекжат. — Кәниегіңізге қызыңқырай тұра, көк қағаздарыңызды қабылдай алмаймын. Ләжі боса, тәуелсіз мемлекетіміздің төл теңгесімен алмастырғайсыздар. Бұ бәлелеріңізді ұстамай-ақ өтейінші бұ дүние-жалғаннан.
— Көңіл күйің көтеріліп келе ме, қалай өзі? — деді Тоқсұлу.
— Мана айтқам, мәселе менің ғана көңіл күйіме тіреліп тұрған жоқ, — деді жекжат қайта қатайыңқырап.
Бидайбек көк қағазын баяғы қалтасына қайта салып, басқа қалтасынан бірыңғай бес мың теңгеліктің үшеуін, Несіпқұл елу доллардың орнына екі мың теңгеліктің төртеуін шығарып, әлгі кісі қол созар деп үміттенісіп еді, бірақ бүлк етпеген соң, пәсірек үйілген қам кірпіштің үстіне тастады.
— Хабар аламыз, араласамыз, келеміз әлі, — десті қонақтар.
— Орбиталарыңыз оған мұрша келтіріп, мүмкіндік берсе, — деді жалаңаш жекжат қыңырая тіс қайрағысы келген көңіл күйін көлегейлеңкірей күлімсіреп.
Оның даусын Бидайбектер әлде естіді, әлде естімеді.


*  *  *

Кафедегі құдалықтан соң көп ұзамай-ақ Өмілдірік ауылының хал-ахуалы мен әл-ауқаты жеткен адамдары, яғни жоғары дәрежелі жандары ұялы телефонмен сөйлесу мүмкіндігіне ие болған. Бидайбек Өмілдіріктің өр жағынан Жіптойотамен, Несіпқұл жатаған жотаның жамбасынан жаңа Нивамен шығып, Кеденшоқыға көтерілген. Екеуінің де биік-биік темір көліктерден секіріп-секіріп түскен сәттері осы заманғы киноларға ғана лайық еді. Ышқырларындағы ұялы телефондар көзге бірден шалынып, шаттық шақырған. Қос құрдас сонылау сипаттағы сәнді сыңаймен құшақ айқастырып, төстерін түйістіре сүйіскен.
Уақыт ұттырмастан, Бидайбек мырза мәлімдеме жасамаққа кіріскен. Ұялы телефонын әлі көп көтеріліп үлгермеген күннің кербез шұғыласына шағылыстыра жарқ-жұрқ еткізген. Аударып бір, төңкеріп екі сүйсінген. Нөумез жымиып, нөмір терген.
— Алоэ, — деген ол. — Алэ-е-е, Астана ма? Астана болсаң, рахмет. Парламент пе? Бәрекелде-е-е. Мәжіліс пе? Сенсің бе? Бұл — мен! Бидайбекпін мен. Мен мына Кеденшоқының үстінен, ұялы телефон арқылы тілдесіп тұрмын. Иә-иә! Ұялы ма, қалталы ма, сотыби дейсіңдер ме? Сол сотыбимен сөйлесіп жатырмын. Жанымда жан құрдасым, күні кеше Шымкенттегі бірінші дәрежелі кафеде құдалықта бірге болып қайтқан Несіпқұл мырза бар. Солай. Осылайша Өмілдірік ауылы да өркениетке қосылды! Мына мен, өмір бойы Өмілдірікте келе жатқан Бидайбек Басқарбекұлы, Парламент Мәжілісіне мәлімдеме жасайым. Астанаға, бас қаламыз арқылы күллі кең-байтақ Қазақстанға, республикамыз арқылы бүкіл әлемге мәлімдеме жариялап тұрған жайым бар. Не деп?! Әй, мынау миғұла ма, мәңгүрт пе?! Қалай депутат боп жүр-әй бұл? Қалай ғана сайлап жібергенбіз-әй бұны, а?! Бағаналы бері не деп, не айтып тұр бұ Бидайбек? Мәлімдеме жасайым дейім! Кеденшоқы басында, Несіпқұл бар қасымда, алғаш рет ауылдан, со-со-сотыбимен сөйлесіп... Деймі-е-е-ен! Өмілдірік өркениет көшіне ұялмайтындай күйде, ұялы телефонды ышқырына іліп, ықыласпен ілесті деймі-е-е-ен. Не деп? Дейді-әй маған барып мынауың. Түсіндің бе? Мәлімдеменің мәнісін? Біздің бұл Өмілдірік ауылы облыстың орталығынан жүз жетпіс төрт шақырым, Алматыдан сегіз жүз алпыс бес, ал Астанаңыздан бір мың да тоғыз жүз қырық шақырым тұста, Кеденшоқының баурайында орналасқан. Соның өзінде қаламен теңесіп тұр. Біздің ауыл мен қаланың арасындағы айырмашылық жойылды деуге болады. Күні кешегі кафедегі құдалықта да ешқандай алшақтық білінбеді. Қай жағынан қарағанда да қалалықтармен тепе-тең түстік. Осыны салтанатты түрде мәлімдеймін. Деймін. Езбелемей, безбендей есептегенде, қысқашасы — осы. Мен болдым. Мәлімдеменің соңы!
Бидайбек мырза ұялы телефонының нәзік-зипа қақпағын бір жауып, бір ашып, аялай сипап өтіп, Несіпқұл мырзаға қарады:
— Телефонды кім ойлап тапты екен? — деді.
— Мынауыңды қайдам, о бастағы телефонның тетігін ойлап шығарған Александр Белл деген адам ғой, — деді Несіпқұл. — Физикадан беске оқығам. Сол Белл байқұсыңыз телефон арқылы не әйелімен, не анасымен сөйлесе алмай, шеркөкірек шерменде болыпты. Себебі екеуі де саңырау екен!
— Ойпырай, осындай-осындайдың бәрін қайдан білесің осы?! Ал ышқырыңа қол салғын, қол салғанда мол салғын, бүгін бір армансыз ақтарылып сөйлесейік. Ертеңнен бастап үнемдерміз, құда қаласа.
—  Айтпақшыдай, есекті есек несиеге қаситын заман, ұзақ сөйлесек, банкрот боп жүрмейміз бе? Неше минөтке дейін оттауға рұқсат өзі? Мынамен?
— Е, көп боса, ай сайын бір тоқтың кетер, сілтей берсеңші.
— Сен солтүстікке қоңырау шалып, мәлімдеме жасап тастадың ғой. Мен мына оңтүстікті қамтып байқайын.
— Алматыны ма?
— Ойбай, төменірек дәрежедегілердің тақиясына Таразың да тар келмес. Құдалық бізде де болайын деп жатыр емес пе?
— Асықпашы, сәл тоқташы, құрдасым, — деді Бидайбек кенет. Өзі Кеденшоқыдан күннің асты мен жердің үстін жаңа көргендей аңтарыла қарап, айнала-төңірекке аса бір ойлы, бөтенше байсалды күйде жанар суарған. Бидекеңмен бірге толқып, бірге тебіренген Несекең:
—  Бір шоқыға бес-алты жол шығады екен, осыны онша түсінбедім, — деді.
— Оның тарихын білмеуші ме ең?!
— Біз баяғыда кеткеннен бертініректе ғана қайта көшіп келдік қой.
— Білмесең, біліп алғын, — деді Бидайбек бір қолымен ұялы телефонын сыртынан сипап, екінші қолын күнге көлегейлеген күйі. — Кеңес тұсындағы кеңшардың кезінде Кеденшоқыға кім боса сол шықпайтын. Бастықтар мен бас мамандар ғана ішіп-жеуге, отырыс жасауға көтерілетін. Сондай-сондай күндердің бірінде бас зоотехник: «Мен өзгелердің жолымен жүрмеймін, төтелетіп тіке түсемін», — деп, бульдозермен басқа бір арна тарттырсын. Тағы бірде бас агроном: «Жер кімдікі, су кімдікі, сүмелектер сезініп, біліп алсын», — деп, бульдозершіге басқалай бұйрық берсін. Бас мал дәрігері: «Тоқалдан туған біз емес»,— деп, өзінің өзгеше ізін салғызсын. Бас инженер бульдозердің тікелей қожайыны емес пе, жаңа ғана өзің келген жатаған жота жақтан жамбастатып қиялау жол қиғызсын. Бесеу ме, алтау ма, білмеймін. Кеңшарда қанша бас маман болса, сонша жол салынған. Осылайша жап-жасыл шоқыңыз алашабырланып, басқаша қасқаланып қала берген. Бүгінде бұл биігіңіз — біздікі. Госакті қолда, Несеке! Тілім-тілім, жырым-жырым етпеспіз, бірақ билігі бұл шоқының өзімізде. Ал сотыбиіңді сытырлата бергейсің енді.
Несіпқұл нөмірлерді асықпай теріп, ұялы телефонды томпақтау мамық бетіне батыра рахаттанып бақты.
— Ало-о, Тараз ба? Жамбыл жәкеміздің атындағы облыстың орталығы ма? («Тараз дейді, дәл түсіппін», — деді Бидайбекке қарап). Ало-о, ало-о, бұл мен ғой, Несіпқұл ғой, нағашыеке! Өмілдіріктен, Кеденшоқының үстінен. Ұялы телефонмен тікелей теріп тұрмын. Несіпқұлмын. Бидайбек құрдасым екеуіміз ше, сотыбимен алғаш рет ауылдан, иә-иә, ауылдан сөйлесіп жатырмыз. («Сенбей тұр», — деді Бидайбекке қарап). Ало-о, ұялы телефонды да қимайсыңдар ма бізге, немене? Әбден әдеттеніп кеткенсіңдер, ә-ә-ә? Бұрынғыдай бейқам, бұйығы ауылды, ауыздары аңқайған аңқауларды емге таппайсыңдар ендігі жерде. Білдіңдер ме? «Сағыны-ы-ы-ып кеттік қой сендерді, аңса-а-а-ап кеттік қой ауылды!» — деп, көлгірсіп келіп, ішіп-жеп, аунап-қунап, шәрілеріңе барып алған сон мазақтап күлетін едіңдер, ә-ә-ә. Ондай-ондайды түстеріңде көресіңдер ендігі жерде. Ало-о, Алматыда Өмілдіріктен өсіп шыққан бес бала бар, Астанада да жоқ емес. Біреуі Бас комитетте, біреуі Бас заңгерлікте, бәрі беделді қызметтерге ілініп үлгерді. Көресіңдер әлі. Бүгінгі ауыл — бұрынғы ауыл емес. Мен де Шымкенттен үш үй алып қойдым. Біліп қойғын, біздің мына Бидайбектің бір ұлы Венада жүр, халықаралық деңгейдегі бизнесмен. Астанада сауда орны мен коттеджі бар. Солай, біліп қойыңдар! Ало-о, ало-о, біздің ортаншымыз да үйленейін деп жатыр. Арғы аптада құдалық өткіземіз. Қатыныңды ертіп келесің. Құдаларымды күтісесің. Кафеде! Түсіндің бе? («Кафесі несі дейді», — деп Бидайбекке қарады). Ало-о, сендер кафедегі құдалықта болып көрмегенсіңдер ме, немене? («Шақырамыз, күтісеміз, кафеге де қосыламыз дейді-әй, жарайсың, нағашыеке», — деп, Бидайбекке көз тастады). Ало-о, ало-о, нағашы, сен әуелім қатыныңмен ақылдасып алсаңшы! Сөзің өзіңді жалмап жүрмесін, абайла, айналайын, абайла. («Қатыным қасымда тұр дейді, жарады-әй мынау»). Ало, сенің анау бетонды, бес қабатты «жатақханаңда» пысынап отыра алмайды менің құдаларым. Шымшықханаңда шып-шып терлеуге шыдай қоятындар емес. Жоғары дәрежелі жандар бәрі. Шымкент жақта құдалық дегеніңіз тек кафеде өтетінге кеткен. Кафенің де кафесі бар. Аса жоғары дәрежелі, бірінші, екінші, үшінші дәрежелі, қарапайым және қарабайыр дейді бізде. Білдің бе? Таразға шақырсаң дағы, барамыз. Тек тәуір деңгейдегі кафеге! Бауыздау құдамыз — бірнеше базардың бастығы... Алоу, алоу... Әй, сотыбиім сөнді ме, нағашымыз өшті ме? Бықсып қалды біреуі...
*  *  *

Сол күні олар Кеденшоқы биігінен түске дейін түспеді.
Өмілдірік ауылының аспанында өркениеттің өркеш-өркеш, кей тұстары қорғасындай ауыр, базбір жерлері боз ұлпадай жеңіл, бұйра-бұйра бұлттары шудалана қалқып бара жатты.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу