Жазушы, журналист, қоғам қайраткері

Мархабат Байғұт

ӨМІРДЕРЕК

Жазушы, драматург Мархабат Байғұт 1945 жылғы 25 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Пістелі ауылында туған. Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Үш жыл әскер қатарында болған. 1968-1973 жылдары Түлкібас аудандық «Шамшырақ» – «Маяк» газетінің редакциясында корректор, аудармашы, бөлім меңгерушісі, 1974-1984 жылдары облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясында аудармашы, аға тілші, бөлім меңгерушісі болып істеді.

1984-1985 жылдары облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1985-1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы облысаралық (Шымкент, Жамбыл, Қызылорда) бөлімшесінің жауапты хатшысы, төрағасы болды. 1992-1993 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі, 1993-1998 жылдары облыстық тіл басқармасының бастығы, 1998 жылдан облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасы бастығының орынбасары, 2001 жылғы тамыздан басқарма бастығы қызметтерін атқарды. 2004 жылғы ақпан айынан бастап ҚР Ақпарат министрлігі ОҚО бойынша Ақпарат басқармасының бастығы болды. 2005 жылғы қаңтардан 2008 жылдың мамыр айына дейін Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бастығы қызметінде болды. Қазір "Егемен Қазақстан" республикалық газетінің оңтүстік өңірі бойынша штаттан тыс тілшісі.

М. Байғұт көп жылдан бері Қазақстан Жазушылар Одағы Басқармасының мүшесі болып сайланып келеді. Оның «Шілде», «Сырбұлақ», «Интернаттың баласы», «Нәуірзек», «Дауыстың түсі», «Қорғансыз жүрек», «Машаттағы махаббат», «Әдебиет пәнінің періштесі», «Ақпандағы мысықтар», «Алмағайып», «Аңсар», «Қозапая», «Ауыл әңгімелері», «Салқын масақ», «Оқу залы», «Жоғалған жұрнақ», «Киікоты» кітаптары жарық көрген. Олардың көпшілігі «Жазушы», «Жалын», т. б. республикалық баспалардан жарық көрген. Қаламгердің шығармалары орыс, украин, өзбек, қарақалпақ, түрік, саха тілдеріне аударылған. Өзі Василий Шукшиннің, Юрий Покальчуктің, Уашингтон Ирвингтің, Екатерина Андреевнаның туындыларын тәржімелеген.

Мархабат Байғұт республикалық «Жалын» бәйгесін екі дүркін, «Қазақ әдебиеті» бәйгесін үш рет жеңіп алды. Ол – облыс әкімі «Бауырмал» сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. 1993-1995 жылдары облыстық кеңестің Грамотасымен, 1996 жылы Қазақстан Жазушылар Одағының ұсынуына орай «Құрмет» орденімен марапатталды. 2004 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.

М. Байғұт "Ерекше қызметі үшін" медалімен, 2007 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің "Құрмет грамотасымен" марапатталған.

М. Байғұт – республикаға кеңінен танылған жазушы әрі журналист – публицист. Ол әдебиет пен журналистиканы дамытуға, жас кадрларды тәрбиелеуге үлкен үлес қосып келеді. Әдебиет пен журналистика саласында түрлі талқылаулар, облыстық, республикалық, халықаралық жиындар, конференциялар т.б. маңызды шаралар ұйымдастыруға аянбай күш – қайрат жұмсайды. Әлеуметтік – экономикалық, жас ұрпақ тәрбиесі, мәдениет пен өнер, әдебиет, адамгершілік тақырыптарындағы көкейтесті материалдары «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Оңтүстік Қазақстан» газеттері мен журналдарда жиі жарияланады. 1991 жылы Саха Республикасында, 2000 жылы Түркияда, 2004 жылы Қырғыз Республикасында арнайы делегация құрамында болған. 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығына байланысты «Ұлылыққа – тағзым» акциясы аясында «Сайрам – Түркістан» жаяу сапарына қатысты.

М. Байғұтқа 2007 жылы «Облыстың құрметті азаматы» атағы, 2009 жылы «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы, 2010 жылы Мемлекеттік стипендия берілді.

2011 жылы аудан басшылары мен мәслихат депутаттарының шешімімен Мархабат Байғұт Бәйдібек ауданының «Құрметті азаматы» атанды.

2011 жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медалімен марапатталды.

2014 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында ҚР Президентінің Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Парасат» орденімен марапатталды.

Қазақстанның мәдениетін жасауға, сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін жазушы 2017 жылғы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мемлекеттік стипендиясының иегері.

«Қазығұрт kz» журналының «Көркем әдебиет, публицистика саласы» бойынша сарапшы. Зейнеткер.

77 жасқа қараған шағында жазушы, драматург, аудармашы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Мархабат Байғұт қайтыс болды, деп хабарлады (Elorda.info 26.11.22).

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

 

http://baigut-uko.kz

Бастапқы бетке оралу